Ақмолада келіншек бір жарым айлық сәбиін 1 миллион теңгеге сатқан
Ақмола облысының тұрғыны өзінің 1,5 айлық нәрестесін 1 миллион теңгеге бағалаған. Келіншек бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптыға өзінің қызын сатқан, деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 шілде күні Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері бала сатып алуға қатысты фактіні анықтады.
«Облыстық криминалды полиция басқармасына заңсыз мәміле туралы шұғыл хабар келіп түсті. Полиция қызметкерлері 1,5 айлық сәбиді өздеріне алмақ болған бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптыны іздестіріп тапты. Белгілі болғандай, келісім Ақмола облысы аумағында ерлі-зайыпты мен нәрестенің 27 жастағы анасының арасында болған. Ол бұған дейін Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі («Ұрлық») және 190-бабының 1-бөлігі («Алаяқтық») бойынша қылмыстық жауапқа тартылған», -деп атап өтті ведомство.
Полицейлер анықтағандай, нәрестенің анасына 1 млн теңге көлемінде ақша берілген. Қазіргі уақытта ақмолалық полицейлер облыстың өңірдегі үш жасқа дейінгі балаларға арналған мекеме қызметкерінің қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріп жатыр.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-тармағы бойынша («Адам саудасы») сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Аталмыш бапта мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.