Ақмола облысындағы Қосшы ауылында мәдениет үйі ашылды
30 мыңдай тұрғыны бар ауылда бұған дейін мәдениет ошағы атымен болмаған. Елдімекенде өнерге қанат қаққан жастардың талабын шыңдап, түрлі мерекелерде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында 2 қабаттан тұратын, 600 шаршы метрлік мәдениет ошағы бой көтерді. Сәулеті келіскен мәдениет ошағында барлық тиісті жағдайлар жасалған, жылу, су жүйесі орталықтандырылған. Көрермен залы, хореография бөлімі, түрлі үйірме кабинеттері, кітапхана, әдістемелік кабинет, қазақ ұлттық аспаптар оркестрі сынды жұмыс жасайтын 10 үйірме де керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
– Биыл біз «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласы аясында аудан бойынша 3 ауылдық клуб аштық, яғни Зеленый Гай, Новоишимка, және бүгін ашылып жатқан Қосшы мәдениет үйі. Барлық мәдениет үйлерінде 51 шығармашылық ұйым бар,оның 3 «халықтық» деген атқа ие, тағы да 3 ұжым осы атақты алу үшін Минстрліктің шешімін күтіп отыр. Қолданысқа беріліп жатқан Қосшы клубынан елдің мәдениетіне үлес қосар жастар шығады деген үміттеміз бәріміз,–деді Целиноград ауданының әкімі Мәлғаждар Тәткеев.
Бүгінгі таңда Целиноград ауданына қарасты 23 мәдениет нысаны бар, оның 19 мемлекеттік, 13-і белсенді. Қосшы ауылында лентасы кесілген бұл ғимарат 24-ші болып тіркеуге алынды. Аудан мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін аудандық бюджеттен 26,3 миллион теңге бөлінген болатын. Атқарылып жатқан осы іспеттес ауқымды жобалар өз нәтижесін беріп келе жатыр, атап айтатын болсақ Целиноград ауданы соңғы үш жылды «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауының үздіктері атанып жүр.
Еліміздің стратегиялық мақсаттарының бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 процент болуын қамтамасыз ету болса, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жаңа бағдарламасы бекітілген болатын. Осы бағдарламалар аясында Қосшы ауылында «Қазына-SR» серіктестігі компаниясының жиһаз цехы қолданысқа берілді. Тек жергілікті тұрғындар ғана емес, көршілес елдімекендерден келген бас-аяғы 60 адам қызмет атқарады, компания жұмысшыларды тұрғын үймен өздері қамтамасыз етеді.
–Бұл цех толығымен автоматтандырылған режимде жұмыс атқарады. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын оқыған кезде біздің ел мұндай қадамдарға әлі дайын емес деп ойлаған болатынмын, біраз уақыт өткеннен кейін ойымның олқы екенін түсіндім. Сөйтіп, осы жұмысты қолға алып, жиһаз цехын ашып отырмыз. Автоматтандырылған режимде жұмыс жасау арқылы біз ең бірінші тауардың сапасын жақсартамыз әрі уақытты үнемдеуге тигізер пайдасы мол,– «Қазына — sr» серіктестігінің директоры Сайра Матайбаева.
Шын мәнінде, шағын және орта кәсіпкерлік – ел экономикасының ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі. Ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігін өндіру солардың үлесінде.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/