Ақмола облысындағы ауылдың бұрынғы әкімі адам өлтірді деп күдіктелуде — новости Казахстана
Ақмола облысында адам өлтірді деп күдікке ілінген «Курск» ауылдық округінің бұрынғы әкімі Владимир Рагозныйға қатысты сот процесі басталды. Қанды оқиғадан соң ол бірден қызметінен кетіп, сот үй қамаққа алуға санкция берген деп хабарлайды КТК арнасы.
10 айға созылған тергеу ісі алғашқыда марқұм Баржақсы Жәмішевті көліктен өзі секіріп кетті дегенді негізге алып, «Өзін өзі өлтіруге мәжбүрлеу» бабы бойынша қарастырған.
Бірақ, бұған қайтыс болған азаматтың туысқандары сенбей, қостанайлық тәуелсіз сарапшылардың көмегіне жүгінеді.
Тіпті эксгумация жасауларына тура келген.
Осыдан соң қылмыстық іс «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабына ауыстырылады.
Айта кетейік, айыпталушылар қатарында бұрынғы әкімнен бөлек 28 жастағы «Курск» ауылының тұрғыны Азамат Әбілқадыров та бар.
Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға наурыз айында «Курск» ауылдық аймағында орын алған. Үйінен ауыл әкімі Владимир Рагозныймен кеткен Баржақсы Жәмішов, кейін шенеуніктің көлігінен ес-түссіз табылған. Комада бес күн жатқан ер адам есін жимастан қайтыс болған.
«Олар әзірге кінәсін мойындап отырған жоқ. Қазір қолымызда екі сараптаманың қорытындысы бар. Бауырымның алған ауыр жарақаты құлағаннан болмаған. Сондықтан, сот әділ шешім шығарады деп сенеміз. Біз мұны бәрібір осылай қалдырмаймыз», — деді марқұмның әпкесі Гүлсін Тасеменова.