Ақмола облысындағы ауылда карантин жарияланды

0

Дәрігерлердің айтуынша, төрт науқаста Сібір жарасының қоздырғышы табылған

КӨКШЕТАУ, 19 тамыз – Sputnik. Санитарлық дәрігерлер Көкшетауда шұғыл брифинг өткізіп, Ольгинка ауылындағы карантин мен Сібір жарасын жұқтырған адамдар туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сібір жарасы қалай тарады?

Мамандардың айтуынша, 1-6 тамыз аралығында Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты Ольгинка ауылында екі ірі қара шұғыл түрде сойылған. Сібір жарасы дәл осы малдан тарады деген болжам бар. Бүгінде төрт адамның диагнозы расталды. Облыстық қоғамдық денсалық сақтау департаменті басшысының орынбасары Айнагүл Мусинаның айтуынша, қазіргі кезде қосымша зерттеулер жүргізіліп жатыр.

«Біз полимеразды тізбекті реакция әдісімен зерттеу жүргіздік. Төрт адамда Сібір жарасының қоздырғышы анықталды. Қазір қосымша зерттеулер жүргізіліп жатыр. Нәтижесі шамамен аптаның соңында шығады», — дейді Мусина.

Науқастардың жағдай қалай?

Ресми мәліметке сәйкес, бір бұқаны мал қорымында өрттеген. Ал екіншісін сойып, ветеринарлық ережелерді сақтамай, делдалдарға сатып жіберіпті. Осылайша, Сібір жарасына шалдықты деген күдікке бес адам ілінді. Олар – қасапшы, малды тасушы, сатушы, малдың иесі және сатып алушы. Бірінші науқас өзі келді. Ал қалғанын арнайы штабтың мамандары анықтады.

Тағы оқыңыз: Ақмола облысындағы ауылда карантин жарияланды

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Болат Әбішев науқастардың жағдай туралы айтып берді.

«Науқастардың жағдайы қалыпты. Ыстығы көтерілген жоқ. Бәрі бактерияға қарсы ем алып жатыр. Негізі, терінің Сібір жарасы тез емделеді. Бұл дерттен адам өлімі өте сирек кездеседі», — деп атап өтті Әбішев.

Карантин неше күнге созылады?

Бүгінде Ольгинка ауылында 15 күндік карантин жарияланып отыр. Ауылдан малдың сүті, еті мен терісін шығаруға тыйым салынған. Ал Аршалы ауданында арнайы штаб құрылды. Мамандар арнайы санитарлық шаралар жүргізіп жатыр. Ауылдың малы бақылауға алынды.

Айта кетсек, 16 тамызда осы ауылдан алынған сынамалардан Сібір жарасы анықталып, 17 тамыздан бастап ауылда карантин жарияланды. Ережеге сәйкес, Сібір жарасы бойынша карантин инфекция жойылып, қорытынды дезинфекция жүргізілгеннен кейін 15 күнтізбелік күн өткен соң бір-ақ алынады. Яғни, шамамен қыркүйектің бірінші онкүндігінде карантин алынып, мал мен өнімді тасымалдауға рұқсат беріледі.

Тағы оқыңыз: «Адамды іштен жейді»: ғалымдар аса қауіпті бактериялардан шошып отыр

Мамандар Сібір жарасының шыққан жерін әлі анықтаған жоқ.



sputniknews.kz