Ақмола облысында су басқан ауылдың тұрғындары бірнеше күннен бері үйінен шыға алмай отыр — Қазақстан жаңалықтары

0

Халық арасында «Ильинка» аталып кеткен ауыл жұрты еріген қар суының ортасында қалған. Бірнеше күннен бері тұрғындар үйлерінен шыға алмай отыр. Ал күні кеше бір кісі ағын суға батып кете жаздаған. Көктем шықса болды қараөткелдіктер жол азабын тартады екен. Шағымын айтып талай табалдырықты тоздырған олар, жергілікті әкімнен қайран болмады деп отыр. 

 

Ақмола облысындағы Қараөткел ауылы 9-шағын күн райы бірден жылып кеткеніне байланысты, қар жылдам еріген. Сол үшін айналаны ағын су басқан, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы«.

«Бүгін ТЖМ-ге қоңырау шалдым. Таңертеңгі сағат 9-дан 12-ге дейін әкімдікке қоңырау шалдым. «Келіңіздер, көріңіздер мына дамбаны бұзыңыздар», — дедім. Мына 19, 9, 4 учаскелер бүкілі бізге қарай ағызып жатыр суларын. Неге жұмыс істемейді? Түскі ас кезінде әкімдік телефондарын өшіріп тастап жатыр», — дейді тұрғындардың бірі.   

Ағын судың тереңдігі кейбір жерлерде 3-4 метрге дейін жетеді. Өйткені бұл учаске ойлы жерде орналасқан. Сондықтан жұрт амалдап, ақыға жолдың астына төсейміз деп қап-қап қоқыс та түсірткен. Бірақ, күннен күнге көтеріліп келе жатқан су деңгейіне бұл еш әсер етпейтін секілді.  

«Кеше мысалы түстен кейін әкем келді, құлады. Мен жұмыстамын, сөйтіп қайтадан келдім жұмыстан сұранып. Күніге осы міне. Қазір әкем үйде ауырып жатыр. Құдай біледі, қатты ауырып қалса қалай шығарамын. Қайық сатып алмасам, басқа нұсқа жоқ енді. Қайық сатып алу керек барып. 50 мың тұрады ма білмеймін, өзімнің айлығым 70-80 мың-ақ теңге», — дейді  Қараөткел ауылының тұрғыны Жансерік Байбек.

Мәселемен жақсы таныс ауыл округінің әкімі қиындық жуық арада шешіледі деп уәде беріп отыр. Ал дер кезінде су сорғызып үлгермегенін техниканың жетіспеушілігімен түсіндірді. Өйткені Қараөткел ауылында ассинизатор көліктердің көпшілігі жекенің қолында, оны жалдау тым қымбат, дейді.   

«Дамбаны бұзып, жырып жиналған суды бәрін ағызып жұмыс істеп, отбасыны құтқарып алу керек болып тұр. Соны енді бүгін кешке жақын немесе ертең таңертең трактор тауып алып, судың барлығын ағызып, егінге жіберу керек. Соны істейміз», — дейді ауылдық округ әкімі Мұрат Оразалин.

Ауыл халқы жәрдем сұрап барлық құзырлы органдарға хабарласқан. Алайда, қимылдаған тірі жан жоқ деп ашынады. Оған жуырда жұрт игілігі үшін жұмысын бастаған «I-көмектің» де көмегі болмай тұр екен. 

«Сосын мен кешкісін 109-ға қоңырау шалдым. Бүгін келмесеңіздер, біз журналистерді шақырамыз, жоғары қаланың әкіміне жазамыз деп. Сосын сағат 11-де келді. 3 көлік келді де, шлангты тастап қойды да, фотоға түсіріп, түсіріп, алды да кетті. Ешқандай жұмыс істелген жоқ. Шындығында байлар тұратын, коттедж бар жерлерді суретке түсіреді, сорады. Ал біз сонда адам емеспіз бе? Біз салық төлейміз, тіркеуіміз бар», — дейді ауыл тұрғыны Гүлжан Сартаева.

Күн жылыса болды жандарын шүберекке түйіп жүретін ауыл жұрты жергілікті әкімнің ант-су ішкеніне қарық болып қайтты. Ал, ағын су қашан сорылып бітеді ол жағы белгісіз. Оған дейін тұрғындар резеңке етіктерін қолтықтап жүре тұруға мәжбүр. 

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

stan.kz