Ақмола облысында студентті бопсалап, өзін өлтіруге дейін жеткізген 11 адам сотталды
Ақмола облысында сот екі жыл бойы жәбірленушіні қорқытып, қысым көрсетіп, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізген 11 тұрғынға үкім шығарды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Деректерге сай, Бурабай ауданында сотталушылар ұзақ уақыт бойы 12 адамнан 130-500 мың теңгеге дейін (жалпы сома 1 140 000 теңге) ақша бопсалаған.
“Сонымен қатар екі сотталушы Н және А жәбірленуші Б-ны өзін-өзі өлтіруіне жеткізген.
Жасалған әрекеттеріне байланысты, сот жеті сотталушыны 4 жылдан 5 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырып, үшеуін 4 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеді. Кәмелетке толмаған Ш жәбірленушілермен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптан босатылды”, – делінген хабарламада.
Жаза тағайындауда сот кейбір кінәлілердің балаларының болуын ескеріп, кінәсін мойындауына және шын жүректен өкінетініне, соттылығының болмауына байланысты жазасын жеңілдетті.
Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына жалпы сомасы 3 миллион теңгеге моральдық шығын және жалпы сомасы 1 140 000 теңгеге келтірілген материалдық залал өндірілді.
Сонымен қатар сот талқылай келе тәртіп бұзылғаны үшін полиция департаментінің, әкімінің атына жекеше қаулылар шығарды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.