Ақмола облысында шенеуніктің пара алған сәті видеоға түсіп қалды
Күдікті кәсіпкерден «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған жұмыс актілеріне қол қойғаны үшін 15 миллион теңге көлемінде пара талап еткен
НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы пара алды деген күдікпен ұсталып, қамауға алынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өңірдегі басқарма басшысына қатысты ірі көлемде пара алды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеуді бастады.
«Шенеунік 2019 жылдың мамыр-қазан айлары аралығында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақмола облыстық өлкетану музейі мен Мәлік Ғабдуллин атындағы музей экспозициясын жаңарту бойынша орындалған жұмыс актілеріне қол қойған. Ол бұл үшін кәсіпкерден бірнеше рет пара алған. Жалпы сомасы 15 миллион теңге мөлшеріндегі пара алды деген күдікке ілініп отыр», — делінген облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет таратқан хабарламада.
Тағы оқыңыз: 13 тонна алтынды үйінде жасырған шенеунік ұсталды – видео
28 қазан күні Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы параның қалған 5 миллион 700 мың теңге сомасын алу кезінде ұсталып, Көкшетау қаласы полиция департаментінің
уақытша ұстау изоляторына қамалды.
sputniknews.kz