Ақмола облысында мемлекеттік қызметшілер арасында төбелес шықты

0

Мемлекеттік мекеме қабырғасындағы жанжалдың соңы әкімге қарсы іспен аяқталды

КӨКШЕТАУ, 20 қараша – Sputnik. Ақмола облысында әкімдік қызметкерлері төбелес шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Оқиға биыл 11 қазанда Краснояр ауылдық округі (Көкшетау жанында) әкім аппаратының ғимаратында болған. Хатшы-реферант пен маманның арасында жанжал шығып, арты жұдырық жұмсауға ұласқан. Салдарынан мемлекеттік қызметшілердің бірі жарақат алды. 

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті қызметтік тексеріс жүргізді. Айта кетсек, мемлекеттік мекеме қызметкерлері бұл деректі растаған. Тексерістен соң ведомство Красный Яр ауылының әкіміне қатысты дисциплиналық іс қозғалды. Басшы әкімдік қызметкерлерінің арасындағы кикілжіңнің алдын алу үшін ешқандай шара қолданбаған, ал бұл ҚР мемлекеттік қызметшілердің Этикалық кодексі талаптары мен «ҚР мемлекеттік қызмет туралы» заңын бұзу болып саналады.

Этика бойынша кеңес Красный Яр ауылының әкімі Нұрлан Айсинге дисциплиналық жауапкершілікке тарту шарасы ретінде сөгіс жариялауға ұсыныс айтты.