Ақмола облысында екі полиция полковнигі ұсталды
Қысқа сілтеме алу
Жоғары лауазымды полицей, сондай-ақ қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы мемлекеттік меншікті иемденді немесе талан-таражға салды деген күдікке ілініп отыр
КӨКШЕТАУ, 4 қазан — Sputnik. Көкшетауда сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен екі полиция полковнигі ұсталды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары мен қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы сеніп тапсырылған мүлікті иемденді немесе талан-таражға салды деген күдікке ілінді.
«ҰҚК департаментінің ведомствоаралық жедел-тергеу тобы мен полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігі бойынша (сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу) қылмыстық іс қозғады», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Бұл бап бойынша кінәлілердің мүлкі тәркіленіп, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектелуі немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, кейбір жағдайларда ірі көлемде айыппұл салынады.
Полиция департаменті бастығының орынбасары ішкі істер органдарынан шығарылғаны белгілі болды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары ішкі істер органдарында 19 жыл жұмыс істеді. Еңбек өтілін учаскелік инспектор қызметінен бастады. Әрі қарай ұйымдасқан қылмыспен күрес және криминалдық полиция басқармаларында қызмет етті. Ол 2018 жылдың сәуір айында Ақмола облысы бойынша ДП басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.
sputniknews.kz