Ақмола облысында Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды

0

27 ақпанда Ақмола облысы Талапкер ауылында екі күн бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған белсенді Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды. Белсендінің жаназасына мыңнан астам адам жиналды. Олардың арасында аймақтан келген қоғам белсенділері, тіркелмеген «Көше партиясы» өкілдері, саясаткерлер болды.

Белсендінің жаназасына жиналғандар Дулат Ағаділдің әділет үшін күрескен батыл азамат, көп балалы аналарға араша түскен күрескер болғанын айтып, оның өліміне билікті кінәлады. Белсендіні жерлеуге апара жатқан кезде адамдар «Шал кет!» деп айқайлады.

Дулат Ағаділді Талапкер ауылының маңындағы бейітке қойды.

Ақмола облысында белсендіні жерлеп жатқан кезде Қазақстанның түрлі қалаларында: Алматы, Тараз, Ақтөбе қалаларында қаралы митинг өтіп, белсендіні еске алды. Алматыда Тәуелсіздік алаңына жиналған 70-80 шақты адам Дулат Ағаділдің рухына құран бағыштады.

Азаттық тікелей эфирде хабар таратты:

Бұған дейін түрлі аймақта жаназаға бармақ болған белсенділерді полицияның ұстағанын хабарлаған.

Полиция үйінен күштеп әкеткен белсенді 43 жастағы Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында қайтыс болғаны туралы хабар ақпанның 25-і күні түстен кейін белгілі болған. Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдын ала дерегі бойынша, белсенді Ағаділ «жүрек талмасынан» көз жұмған. Белсенділер мен Ағаділдің таныстары оның жүрегі ауырмағанын айтады.

Ағаділдің қазасынан соң Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер полиция департаментіне жиналып, Ағаділдің жүрек талмасынан қаза болды дегенге күмән келтірді. Олар бұл жағдайға қазіргі билік жауапты деп, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрcұлтан Назарбаевтың және сенат спикері Дариға Назарбаеваның отставкаға кетуін және үкіметтің тарауын талап етті.

Azattyq