Ақмола облысында «бұлшық ет өсіреміз» деп көп дәрі ішкен жасөспірімдер ауруханаға түсті
Мамырдың 26-на қараған түні Ақмола облысы Ерейментау аудандық ауруханасының реанимация бөліміне «бұлшық ет өсіреміз» деп 15 дана финлепсис таблеткасын ішіп алған төрт жасөспірім түсті. Бұл ақпаратты Sputnik Қазақстан сайты хабарлады. Олардың жасы — 16, 14 және 13-те.
Дәрігерлердің айтуынша, уланған балалар ауруханаға естерін білмеген күйі ауыр жағдайда түскен. Сіңірлері тартылып, неврологиялық ауру белгілері байқалған.
«Финлепсин дәрісінің көмегімен жасөспірімдер бұлшық еттерін өсірмек болған. Олардың әрқайсысы 15 таблеткадан ішкен» деп сайт облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының пікірін келтіреді.
Аудандық ауруханаға республикалық санавиацияның көмегімен токсиколог және реаниматолог жеткізілген. Қазіргі кезде балалар реанимация бөлімінде емделіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, біреуі өз-өзіне келе бастаған.
Мамандардың айтуынша, финлепсин дәрісі эпилепсия кезінде қолданылады. Дәріні шамадан артық қолдану адамның жүрегі, бүйрегі, қан түзілу жүйесі және тыныс алу органдарын зақымдауы мүмкін.
Дәрінің «бұлшық ет өсіруге» қалай әсер ететіні белгісіз.