Ақмола облысында ауыл тұрғындары қоқыс өңдейтін зауыттан уланып жатыр
Қысқа сілтеме алу
Ақмола облысында сегіз мың тұрғыны бар ауыл халқы үш жыл бойы қоқыс өңдейтін зауытпен арпалысып әлек
НҰР-СҰЛТАН, 19 қараша – Sputnik. Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғындары қоқыс қалдықтарын өңдейтін зауыттан уланып жатыр, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
«Nur Otan» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауына келген тұрғындар геология және табиғи ресурстар министріне осыны жеткізді. Сегіз мың адам тұратын ауыл үш жыл бойы зауытпен арпалысып әлек.
Тағы оқыңыз: «Тоқаев бізді көре ме?»: астананың қақ ортасындағы «ауылдың» өмірі — фото
Халық медициналық қалдықтардың өңделмей, тек өртеліп жатқанына наразы. Бұған дейін облыс әкімшілігіне де шағымданыпты. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ дейді. Ауылдықтар қолқаны қапқан иістен әбден шаршаған. Министр бұл жағдайды өз бақылауына алатынын жеткізді.
«Заң бойынша сол зауытта фильтр болуы керек. Ешқандай фильтр жоқ. Қойылған пештер талапқа сай емес. Жабайы пеш сияқты. Кейде жерге жағады. Тонналап машинамен қалдық әкеледі. Адамның шынтақтары, өкпе, бауыр бәрі бар», — деді Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғыны Қайыржан Шөкеев.
Ал экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев тексеру жұмыстары жүргізілетінін айтты.
«Біздің адамдар осы апта барады. Комиссия жібереміз. Міне экология департаментінің басшысы да отыр. Олар қандай негізде бұлай жасап жатқанын көрейік. Ең алдымен бәрін тексереміз», — деді Мырзағалиев.
sputniknews.kz