Ақмола облысында аудан әкімі аза тұту күні мейрамханада көңіл көтерді

0

Өңірлер

Қысқа сілтеме алу

6 0 0

Ерейментау ауданы әкімдігінің қызметкерлері қаралы күні асыр салып той тойлапты

НҰР-СҰЛТАН, 8 қаңтар – Sputnik. Ақмола облысының Ерейментау ауданы әкімдігінің қызметкерлері жалпыұлттық аза тұту күні жаңа жыл тойлады. Олар қаралы күні би билеп, ән салыпты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Ұшақ апатына қатысты жарияланған аза тұту күніндегі шенеуніктердің әрекеті тұрғындардың ашу ызасын туғызған.

Басшылардың бассыздығына ашынған ерейментаулықтар полицияға хабарлаған екен. Бірақ оларды тоқтатқан ешкім болмаған.

«Сол күні президент жарлығымен қаралы күн жарияланып, республика бойынша ойын-сауық іс шаралары кейінге шегерілген еді. Бірақ бұл қайғылы жағдайға да, президент жарлығына да Ерейментау ауданының әкімі мен қызметкерлері селт етпеген сыңайлы», — делінген ақпаратта.

Олар жаңа жылдық кеште жергілікті мәслихат депутатының мейрамханасында асыр салып той тойлаған екен.

Аудан әкімі болып тағайындалғанына бір жыл да болмаған Абай Әлжанов сол кеште әйелімен бірге «туған күнде болдым» деп отыр.

«Бір туыстардың туған күнінде болдық. Мен кірдім де шықтым, бір туысымның… несіне… жолдасыммен. Беретінімді беріп, құттықтап шықтым», -деді Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов.

Алматы түбіндегі ұшақ апаты

Ұшақ апаты 27 желтоқсан таңғы сағат жетіде болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш жансақтау бөліміне түсті. Қазір ол есін жиды.

Ішкі істер министрлігі әуе апатына себеп болған үш жағдайды атады. Олар: экипаж қателігі, техникалық ақау және навигациялық қызмет жұмысы.

Ұшақтың қара жәшігі Мәскеудегі мемлекетаралық авиация комитетіне тапсырылды. Тергеудің алдын ала қорытындысы 10 қаңтарға дейін жарияланбақ.

Президент тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды.

28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.



sputniknews.kz