Ақкесене мұнарасы: аңыз бен ақиқат
Қыпшақ дәуірінің ескерткіші саналатын бұл бекіністі Х-ХІ ғасырлардағы Тараз әміршісі Қарахан тұрғызған. Ақкесене мұнарасы Жамбыл облысы төменгі Талас ауданында орналасқан. Аңыз бойынша мұнара жаудан қорғану және айналаны шолып, бақылап отыру үшін салынған деседі.
Талас ауданы Үшарал ауылынан 35 шақырым жерде орналасқан Ақкесенені осы күнге дейін ғалымдар бірнеше рет зерттеді. Алғаш 1896 жылы археологтар экспедициясы Ақкесененің орнын тауып, оның сол кездегі қалпы, ахуалы туралы тұщымды дерек келтірді. Экспедиция оның мұнараға ұқсас екенін, кесененің ортасында жоғары алып шығатын айналма саты орналасқанын анықтаған. Ал 1945-49 жылдары Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайы зерттеулер жүргізіп, оның тұрғызылған уақытын шамамен болжады. 1980 жылы “Қазжобажаңғырту” мекемесінің жүргізген жұмысы ғана нәтижелі болған. Олар нысанды жан-жақты қарап, бүге-шүгесіне дейін зерттеді. Соның нәтижесінде аумағы бір гектар болатын бекіністің іргетассыз қаланғаны анықталды.
Бекініс қабырғаларының биіктігі – 2,5-3 метр, оның қалану әдісі де ерекше. Кірпіштері жалпақ етіп құйылған. Оларды алдымен үш қатар бойы көлденеңінен қаласа, келесі қатарлары қырынан қаланған. Осы әдіс 24 рет қайталанған. Кірпіштердің төменгі жағы көміліп, ал жоғарғы жағы жауын-шашын мен желдің әсерінен бүлінген. Сондықтан ол алғашқы қалпынан әлдеқайда аласарған болуы да мүмкін. Қабырғалардың түйіскен тұсында биік мұнара бар. Ол шикі кірпіштен қаланып салынған. Дөңгелекше болып келетін мұнараның диаметрі – 11 метр, ал биіктігі – 9 метр.
Жалпы пішіні конус тәріздес. Мұнараның басына ішіндегі айнала салынған баспалдақтар арқылы көтерілуге болады. Оның төбесінде арнайы жасақталған қарауылдар күзетіп отырған. Олар жау жақындап келе жатқанда бағыты мен санын шамамен есептеп, тез арада жауынгерлерге жеткізіп отырған. Бірақ қазіргі күнге зерттеушілер көрген тепкішектердің аздаған қалдықтары ғана жетті.
Ғалымдардың болжамынша, бекіністің өзі Х-ХІІ ғасырларда салынса, оның мұнарасы XVII ғасырда тұрғызылған. 1983 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жүргізген зерттеулердің нәтижесінде бекініс маңынан қыш ыдыстар табылған. Олардың көбі -бидай сақтайтын хум, құмыра сияқты ыдыстар. Табылған заттар университеттің археология және этнография кафедрасында сақтаулы тұр.
Ақкесененің жанында Көккесене де орналасқан. Олардың аталуын әркім әрқалай түсіндіреді. Түркі тілінде ақ – батыс, көк шығыс жақ дегенді меңзейді, яғни бірі батыста, екіншісі шығыста орналасқанын білуге болады. Жергілікті ел арасында кесенелер туралы аңыз да бар. Тараздың әміршісі Қарахан жолаушылап келе жатқан керуенбасыны қонақ етіпті. Билеушінің көрсеткен құрметіне риза болған қонақ оған өзінің көкейінде жүрген тілегін жеткізген.
“Мен жүрмеген жол, аспаған асу аз. Бірақ Мойынқұмнан қауіпті жерді кездестірмедім. Үш күндік жол азабы үш айға бергісіз болды. Осы маңнан жолаушыға бағыт беріп, қараңғыда жол көрсететін белгі салып берсеңіз, көп адамның алғысына бөленер едіңіз” деген керуенбасының сөзін жерге тастамаған Қарахан қос бекіністі салдырған деседі.
Бекініс туралы осы аңыздан басқа дерек жоқтың қасы. Аңызға сүйенген күннің өзінде дуалы мен мұнарасының екеуі екі заманда салынғанын немен түсіндіруге болады? Оның үстіне, осы бекініспен байланысты ұрыс-шайқастар да белгісіз. Мұның барлығын зерттеп, көп сұраққа жауап табу алдағы уақыттың еншісінде. 2007-2008 жылдары “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында бекініс мұқият қалпына келтіріліп, туристер қызыға тамашалайтын тарихи ескерткіштер қатарына енді.