Ақбота Керімбекова: Мені қабылдай алатын ер азамат болса, неге тұрмысқа шықпасқа? — Қазақстан жаңалықтары

0

Халықтың зор махаббатына, жылы ілтипатына бөленіп үлгерген танымал әнші Ақбота Керімбекова басқа әріптестерінен өнерімен, Құдай берген талантымен бір төбе бөлек тұрады. Сол бойына біткен өнерімен қатар бала-шағасын өзі жалғыз көтеріп келе жатыр. Stan.kz тілшісі әншімен кездесіп, шығармашылығындағы, жеке өміріндегі жаңалықтармен танысып, сұхбат құрып қайтты. Әнші жаңа түскен келінін қалай ұстайтынын, үшінші рет тұрмысқа шыққанын неге қателік санайтынын айтып, болашаққа деген зор үмітін жасырмады. 

ботаШығармашылығыңызда не өзгеріс? Қазір не істеп жатырсыз? 

Қазір ізденіс үстінде жүрміз. Әлі халыққа берерім көп деп ойлаймын. Шындап келгенде халыққа не керек, не ұнайды деп ойланып түсінбей жатамын. Көбісі жеңіл әнді қалайды. Біз орта буын әншілер болғандықтан, неден не жасасам екен деген шығармашылық ізденістемін. 

Жаңа дуэттер немесе жеке концерт беру ойда бар ма?

Халықпен жүздесу, ықыласына бөлену, жеке концертін беру — әрбір әртістің арманы. Қазір халықты таңқалдыру қиын болып кетті. Өйткені эстрадамызда неше түрлі ағымдар мен бағыттар шығып келе жатыр.  

Жаңашылдық «карамель» бағытында болып кетпей ме? 

«Карамель» болып шығатындай жаста емеспін. Біздің бағыт қазақи, лирикалық. Бұл бағыттан алыстап кетемін деп айта алмаймын. Стилімді өзгертіп, жалаңаштанамын деген ой мүлдем жоқ. Керісінше сахнаға қарапайым болып шыққанды жақсы көремін. Өйткені халыққа менің әнім, үнім керек. Ішкі ойым мен жан сырымды паш ететін үнім керек. Көпшілік біледі, қыруар ақшаға көйлек те сатып алмаймын. Ол қыздардың қатарынан емеспін, мен ондайға қарсымын. Әдемілік керек, бірақ сыртқы сұлулықтан гөрі ішкі жан дүниенің сұлулығына сай болу керек.  

Сахнадағы ізбасар қыздарға деген көзқарасыңыз қандай?

Қазір біреуге бірдеңе деп айтуға қорқамыз. Бірдеңе деп айтсаң елдер басқаша қылып таратып жіберетіні қынжылтады мені. Қазір біреуге жақсылық жасауға қорқатын заман болды ғой. Таяқтың бір ұшы өзіне тиеді. Мін айтсаң, көре алмайды деп шығады. Әр әншінің өзінің көрермені, тыңдарманы бар. Әрине, қазақилығымыз жоғалмаса екен, қаймағы бұзылмаса екен деймін. 

Жастарға айт-айтпа, күресіп жатқан ешкім жоқ. Соның барлығын дұрыстайтын басшыларымыздан бастап, эфирді тазалап, өзіміздің менталитетімізге сай дүниелер көрсетіліп жатса, нұр үстіне нұр. Өкінішке орай, қазір ондай дүниелер жоқ. Қай жерге көз салма, жастар білгенінін істеп жатыр. Қазақ ұлты жойылып кетпесе екен деген қорқыныш туады. Ұлтымыз, тіліміз, әніміз жойылмаса екен деген тілек мендегі. 

акботаЖеке өміріңізде де қуанышты жаңалығыңыз бар. Жыл басында ене атандыңыз, қолыңыз ұзарып жатыр ма? 

Иә, осы жылдың басында келінді болдым. Әлі де сезіне қойған жоқпын, келін қазір анамның қолында. 

Келінмен бірге тұрмайсыздар?

Жоқ, мен бөлек тұрамын. Тұңғышым анамның баласы болған соң, олар қазір сол үйде бірге тұрып жатыр. 

Болашақта келініңізбен бірге тұру ойда жоқ па? 

Мен шығармашылық адаммын. Әлі жаспын деп ойлаймын, бәрі болашақтың еншісінде ғой. Балаларым әлі кішкентай, оқып жатыр. Кім біледі, үшінші баламның келіншегін қолымда ұстайтын шығармын. 

Дегенмен де, балаларымды оқытып-шоқытып, өз жолдарымен жіберсем, өз өмірлерін өздері сүргені дұрыс сияқты. Араласып керегі жоқ, өйткені сәл ақыл айта қалсаң, ренжіп қалады. Қазір жастарың ақылды да қажет етпейтін заман. Сол себептен мен көп араласа бермеймін. Балаларым дені сау болып, күліп-ойнап жүрсе, материалдық жағынан ғана қолдау көрсетіп отырамын. Жеке өміріне араласпаймын. 

Өзіңізді қандай енемін деп ойлайсыз?

Мен — мейірімді адаммын. Бұл өзімді барынша жақсы, керемет адам қылып көрсету үшін айтылып отырған сөз емес. Әр адам өз болмысын біледі ғой. Қолымнан келгенше көтермелеуге, жақсылық жасауға, қолдауға тырысамын. Өкішке орай, оның бәрі көзге көріне бермейді. Қазір сенің ниетіңді, көңіліңді көп қолдай бермейтін заман. Көп адаммен араласпайтыным да сол себептен. Шекеме таяқ болып әбден тиген. Алладан амандығын тілеймін болды. Жеке өмірлерін айтқым да, сөз қылғым да келмейді. 

Ене ретінде деп өзімді айтайын десем, қолымда тұрған жоқ. Ене болған соң үйде өзіңнің салтыңды ұстатуға, тәрбиелуге тырысасың. Оны қабылдамаған адамға он жерден айтқанмен бәрібір. Ескертулер болмады емес, болды менде де. Оны қабылдамаған адам өзі біледі. Дәл қазір ешқандай да араласпаймын, өздерінің өмірі. 

Ене ретінде басқа енелерге қандай ақыл айтар едіңіз? Ене мен келін арасындағы татулықты сақтау үшін не істеуі керек? 

Көп араласа бермеймін, ақыл-кеңесті айтып жатқанмен қабылдап жатқан жастар жоқ. Біздің көргенімізіді, басымыздан өткенді солар көрмесе екен дейміз. Қандай күн болса да, енемізге тік қарап сөйлемейтінбіз. Айқайлап ұрысып жатса да үндемейтінбіз. Қазіргілерге кішкене ескерту айтсаң жақпай қаласың. Әркім өз басына тимей түсінбейді. Кейде ойланып қаламын жастарға не жетпейді деп. Барлық жағдайын жасап жатқандай боласың, үйлері бар, білім алған, дүрілдетіп тойларына дейін жасап, шет елге жіберіп жатырмыз. Жарайды бізді сыйламаса, сыйламасын, бірақ бір-біріне деген мейірімін жоғалтпай, отбасы болып, бақытты болса дейміз. 

Бақытты болудың кілті неде? 

Кез-келген адам бақытты болуы үшін сабырлылық пен қанағат керек. Шүкіршілік ету керек. Жүректің тыныштығы бақыттың кілті дер едім. Дүниенің барлығы қалып, о дүнеге тек жасаған амалдарымыз бен істеріміз ғана кетеді. Әр адам өзін өзі іштей тәрбиелеу керек деп ойлаймын. Сол кезде ғана мүмкін бақытқа келетін шығармыз. 

ботаІшкі тәртіп керек деп жатсыз. Өз бойыңызда қандай зиянды әдеттер бар? 

Сенгіштігімнен көп алдандым. Өйткені адамдарды өзім сияқты қабылдаймын. Ешкімге сенбеймін деп өмір сүрейін десең, сенбей қалай өмір сүресің? Өнер адамы болған соң сенім болмаса, дұрыс творчество шықпайтын сияқты. Әншінің  репертуарынан-ақ оның қандай адам екенін, ішкі болмысын тануға болады. Мен өте жылауық, көңілшек адаммын. Тез шешім қабылдай саламын. Маған бәрі тез болуы керек. 

Біреуден бірдеңе сұрауға намыстанамын. Жас кезден бәрін өзім жасауға қалыптасып кеткенмін. Кейде әйел екенімді де ұмытып кетемін. 

Барлығына өзім жеткенді жақсы көремін дейсіз. Тәуелділікті жек көретініңіз байқалып тұр. Бұл қасиет ер азаматпен араласқанда кедерігі болмай ма?

Басында сенгіштікпен күн кештік, бірақ сеніп отыра берсең де, ешкім ешнәрсе бөліп бермейді. Не нәрсеге де болмасын өзім жетуім керек деген мақсат болды. Әке-шешем оқытты, бақты, қақты. Біреуден ақша сұрау немесе тоқалы болу менің намысыма тиетін дүние. Сол себептен барынша өзім тырыстым. Иә, тәуелді болғым келмейтін де шығар. Мендегі басты мақсат келесі өмірге жақсы амал жасап қалу. Ал басқалары түсіне ме, түсінбей ме — басымды ауыртқым келмейді. Не десе, о десін. Содан рахаттанса, айта берсін. Шүкір бақыттымын.

Алла сендері жұп-жұп қылып жараттық дейді. Жұбыңызды күтесіз бе? 

Әрине, күтемін, бірақ тұрмысқа шығу-шықпау туралы мен ештеңе айта алмаймын. Менің жайымды түсінетін, ұғынатын, бар болмысымды қабылдай алатын, әнші Керімбекова деп емес, жай ғана Алланың жаратқан пендесі ретінде мені қабылдай алатын ер азамат болса, неге тұрмысқа шықпасқа? Мен үмітімді үзбеймін. 

Үшінші күйеуіме ақымақтықпен шықтым деп ойлаймын, сенім болды. Мен өзім жалғыз жүре алмаймын. Жалғыздық кімге де болсын — ауыр. 

Айтқым келетін тағы бір дүние, әсіресе, менің жеке өмірім қатты қызықтыратын оқырмандарға айтарым — мен үшін алаңдамаңыздар. Бес рет шығамын ба, он рет шығамын ба — ол менің жеке өмірім. Шығатын жағдайда хабар беремін. 

 

stan.kz