Ақан Бижанов: Ұлтымыздың тарихы жадымызда

0

Осы тұрғыдан келгенде, тамыры тереңде жатқан қазақтың сайын дала­сының заңды иесі, әрі-беріден соң бүкіл түркі жұртының бабасынан қалған киелі мекенді атамекенім деп сақтап отырған, түріктер сүйсіне отырып мақтанышпен айтып жүргеніндей, атажұрттың заңды қожайыны өзіміз. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған өзі­нің «Ұлы даланың жеті қыры» деген көлемді мақаласында осы мәселені шеге­леп, шегендеп айтып берді. «Бұл – тари­хы­мызға деген берік ұстаным», деді Ұлт көшбасшысы. Осыдан артық не керек?

Ендігі жерде Қазақ елі мекендеген қасиетті топырағымызды қанын төгіп, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғай білген, ақыл-парасатын биік ұстап, ар-намысын аяққа таптатпай, бабаларымыздан қалған ұлан-ғайыр аймақты қорғай білген ұрпақтың өкілі екендігімізді қашанда мақтан тұтуымыз керек. Сол бабаларымыздың аманатына лайық болуға тиіспіз. Бұл әсіресе өскелең ұрпақтың, келешегі келбетті, болашағы жарқын жас өркеннің жадына түйіп, көкейіне сақтайтын асыл парызы.

Өткенімізге зер салып, тарихымызға көз жүгіртсек, небір қиын-қыстау кезең­де талай зобалаңды бастан кешір­ген, «мың өліп мың тірілген» ел екені­мізді бағамдаймыз. Аштық пен жаппай жазалау шараларынан, репрессия­дан, жұқпалы індеттерден, сұрапыл соғыстардан қырылған қазақ жұрты асылдарынан, бетке ұстар қаймағынан айырылса да жасымай, мойымай ілгері жылжып келеді. Тізеден қағып, тұралатса да қасқайып қайта көтеріліп, еңсесін көтеріп, жүзін тік ұстап, енді міне, азат елге айналған тәуелсіз мемлекеттің ұрпағы екенімізді батыстың басқа жұрты білуге тиісті. Олай дейтініміз, осыдан ширек ғасыр бұрын батыс елдері Қазақстанды көбінесе біле бермейтін, тіпті білгісі келмейтін, құлқы болмайтын, қызықпайтын. Көбісі бізді Ауғанстанмен, Пәкістанмен шатас­тырып жататын. Енді міне, еліміз өз тәуел­сіздігін жариялағалы бері Мем­ле­кет басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің са­лиқалы саясатымен, білімімен, білік­­ті­лігімен, мол тәжірибесімен, тапқыр­лық қасиеттерімен, өзгелерді ұйытып әке­тетін шешендігімен, көш бастар көсем­дігімен аузын айға білеген алпауыт мемлекеттер басшыларының өзін мойындата білді.

Бағамдап қарасақ, байтақ даланың еркін ұланы сайын даланы өзінің ұлттық дәстүрімен, қасиетті жылқы жануарын пір тұтып, көкпарға шауып, бәйге алып, тұлпар мініп, ат құлағында ойнаған, ту ұстаған шабандоздығымен ерекшеленген халықпыз. Дала өркениеті біздің ежелден бойымызға сіңген, қанымызға тараған асыл қасиет. Біздің халық қақаған боранда, ат құлағы көрінбейтін ақшұнақ аязда төрт түлігін өргізіп, киіз үйін тігіп, жаз жайлау, қыс қыстау мен көктеу және күздеуді шарлап, жылдың төрт мезгілінде сары даланы шарлап жүрген. Байтақ өлкеде дәл қазақ жұр­т­ы секілді батысы мен шығысында, оң­түс­­тігі мен арқасында диалектісіз сөй­лейтін, тілі бұзылмаған халық жоқ. Қазақ­­тың киіз туырлықты үйі бүгінде сонау дамып кеттік деген өркениет көші­нің бастауында тұрған елдердің өзін таңғал­дырады. Қазір солар қазақтың үйін зерттеп, соның қасиетіне таңданып, тамсанып, осыған ұқсас бұрышы жоқ дөңгелек үйлер жасап, мың жыл өткен соң бізге қарап жаңалық ашқандай болуда.

Сол сияқты құсбегілік, бүркіт салып, түлкі ұстау, аң аулау секілді таби­ғатпен етене араласқан саятшылық қай елде болды? Дәл осы күндері қар­дың алғаш жауған маусымында «Қан­сонар» аңшылық науқаны басталады. Ителгі, бүркіт, қаршыға салу сайыстары, «теңге ілу», «түйе жарыс», «қыз қуу» секілді ұлттық ойындар да ежелден келе жатқан ізгі дәстүріміз екені баршаға аян. Соңғы жылдары жер-жерде бүркітшілер фестивалін өткізу игі дәстүрге айналған. Осындай ұлттық дәстүрлер халқымыздың ғасырлардан бергі бойына сіңген асыл қасиеттері. 

Елу жылдай бұрын «Есік» қорға­ны­нан «Алтын адамның» табылуы Қазақстанды айдай әлемге паш етті. Осыдан кейін еліміздің әр түкпірінде соған ұқсас алтын бұйымды бірнеше кесене табылды. Мемлекет басшысы осы арқылы қасиетті қазақ даласы ежелден дала өркениетінің ажырамас бөлшегі екендігін қадап айтты. Демек, бұл біз көнеден келе жатқан тарихымыз, қалыптасқан дәстүріміз бар ел екендігіміздің айғағы.

Бағамдап қарасақ, көне Алтай тауының төрт құбыласын мекендеген қазақ жұрты қазір де сол аймақты қамтып отыр. Еліміздің шығыс өңірінде, сондай-ақ, қазіргі Қытай жерінде, Моңғолия аумағында, теріскейі Ресейге қарас­ты аймақта да қазақтар қоныстанған. Алтай тауының барлық жағында ежелгі түркітектес халық тұрып келді, әлі де солай өмір сүріп жатыр. Бұл аймақта ежелден түркі дүниесі қалыптасып, қазіргі таңда сол аймақтан әлемнің әр қиырына тараған. Ежелгі Түркі қағанаты бой көтерген алып мемлекеттің болғаны тарихтан белгілі. Ұлан-ғайыр алып даланы мекендеген көшпелі елдің ұрпағы бүгінгі біздер, яғни қазақтар екенімізді мақтан тұтамыз. Халқымыздың көптеген хандары мен сұлтандары мәңгі байыз тауып, Қожа Ахмет Ясауи сынды ұлы тұлғаның кесенесі көтерілген, Абылай хан және басқа тұлғалар жерленген бүгінгі Түркіс­­тан шаһары қайта түлеп жасап, жаң­ғырып жатқаны жақсылықтың нышаны.

Халқымыздың өткені әрдайым жадымызда, ал бүгіні, жарқын болаша­ғы өскелең ұрпақтың қолында. Тари­хы­мызға көз салсақ, айтулы тұлға­­лары­мыз баршылық. Солардың ісі бар­шамызға үлгі. Ұлы тұлғаларымыз, ұлт қаһармандарының жарқын бейнесі әрдайым өнеге болуы тиіс.

Қорыта айтқанда, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты салиқалы мақаласы көптің көкейінде жүрген маңызды ойдың мәйегін дөп басып, жан-жақты баяндаған. Жұртшылық Мемлекет басшысының газетте жарияланған осы мақаласын еліміздің рухани жаңғырудың ажырамас бөлігі деп қабылдап, қызу қолдау үстінде.

Ақан БИЖАНОВ, 

философия, саясаттану және дінтану институтының директоры, 

саясаттану ғылымдарының докторы, профессор