«Ақ жол» партиясының кандидаты Дания Еспаева: өмірбаяны, отбасы, сайлауалды бағдарламасы

0
82

Президент сайлауына түскен бірінші әйел кандидат Дания Еспаева өзінің басымдықтары туралы айтты

НҰР-СҰЛТАН, 5 маусым — Sputnik. Кезектен тыс президент сайлауына әйел адамның түсуі – жастарға демократияның бар екенін көрсетеді. Бұл туралы «Ақ жол» партиясының атынан президенттікке кандидат Дания Еспаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

5 маусым күні Дания Еспаеваның сайлауалды штабында ашық есік күні өтті. Осы орайда ол сайлауға не үшін қатысқанын түсіндірді.

«Кезектен тыс президент сайлауына қатысу маған үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сайлаушылар тарапынан қызығушылық бар. Бұл маған плюс», – дейді Еспаева.

Сондай-ақ ол өзінің президент сайлауына түскен бірінші әйел кандидат екенін атап өтіп, бұл оған басымдық беретінін ашық айтты.


©
Sputnik / Владислав Воднев

Дания Еспаева: «Президент лауазымына алғашқы әрі жалғыз әйел кандидат болу – үлкен басымдық».

«Мұны мен сайлауалды науқанда пайдаланамын. Біз бүкіл Қазақстанды аралап шықтық. Мен сайлаушыларға еліміздегі тұрғындардың 52%-і әйелдер екенін айттым. Бұл кездесулерде әйелдер ғана емес, жастар да маған қолдау көрсетті. Менің сайлауға түсуім оларға елімізде демократияның бар екенін, Қазақстанда әйел адамның сайлауға түсе алатынын көрсетті», – дейді Дания Еспаева.

Тағы оқыңыз: Осы аптада сайлау: қазақстандықтар нені білуі тиіс

Оның айтуынша, көптеген кездеуде оған әйелдер ғана емес, ер адамдар да қолдау білдіріпті.

Алғашқы әйел кандидат Дания Еспаева туралы не білеміз

Дания Мәдиқызы Еспаева 1961 жылы 5 наурызда Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Жайсаң ауылында дүниеге келген. 2016 жылдың наурыз айынан Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты қызметін атқарып жүр. Мәжілістің бюджет және қаржы комитетінің құрамына кіреді.

Дания Еспаеваның банк саласындағы жалпы еңбек өтілі – 34 жыл. Соның 17 жылын ол басшылық қызметте өткізді. Облыстық мәслиxатқа екі рет депутат болып сайланды. Сондай-ақ ол Ақтөбе облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі ретінде 14 жыл қызмет атқарды. Еспаеваның 2 ұлы мен 2 немересі бар.

Тағы оқыңыз: Президент сайлауының қорытындысы қашан шығады?

Дания Еспаева – президент сайлауына түсетін бірінші әйел кандидат.

Дания Еспаеваның сайлауалды бағдарламасы

«Ақжол» партиясы кандидатының бағдарламасы 3 бөлімнен тұрады. Олар:

  • Тұрақты дамудың негізі – бәсекелестік пен жаппай кәсіпкерлік;
  • Ұлттық тәуелсіздік;
  • Сыбайлас жемқорлықпен күрес және деоффшоризация.

Дания Еспаева өзінің сайлауалды бағдарламасы Қазақстанның тұрақты дамуына септігін тигізіп, тұрғындардың әл-ауқатын көтереді деп сенеді.


©
Sputnik / Владислав Воднев

Дания Еспаева: «Өмір сапасын арттыру үшін кедергі келтіретін дүниелерден бас тартып, жаңа мүмкіндіктерге жол беруіміз керек».

«Адал бәсекелестік болмаған жерде жаппай кәсіпкерлік те болмайды. Сондықтан біз өмір сапасын арттыру үшін кедергі келтіретін дүниелерден бас тартып, жаңа мүмкіндіктерге жол беруіміз керек. Жақсы өмір сүру кепілі шенеуніктер емес, нарықтық экономика, демократия мен әлеуметтік әділдік», – дейді ол.

Президент сайлауы – 2019

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді.

Қазақстандықтар осы күні жергілікті уақытпен таңғы 07:00-ден бастап кешкі 20:00-ге дейін өздері қалаған кандидатқа дауыс бере алады. Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінің жалпы саны – 9 970 (48 учаске 06:00-де ашылады). Шетелдегі қазақстандықтар үшін 51 елде 65 учаске жұмыс істейді.

Тағы оқыңыз: Президенттікке кандидаттар өз үндеуін жариялады – теледебат

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне 7 кандидатты тіркеді. Олар:

  • Қазақстан коммунистік халық партиясы атынан Жамбыл Ахметбеков;
  • «Ақ жол» демократиялық партиясы атынан Дания Еспаева;
  • «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан Әміржан Қосанов;
  • «Ауыл» партиясы атынан Төлеутай Рақымбеков;
  • Кәсіподақтар федерациясы атынан Амангелді Таспихов;
  • Nur Otan партиясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев;
  • «Ұлы дала қырандары» қоғамдық бірлестігі атынан Сәдібек Түгел.



sputniknews.kz