Ақ Жайықтағы музей-бум
— Біздің өңірде музей қозғалысының жандануына дәл осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы серпін берді. Еліміз бойынша тұңғыш рет Орал қаласында осы аттас музей аштық. Біздің «Рухани жаңғыру» музейіміз қазірдің өзінде облыстың мәдени өмірінен өз орнын тауып үлгерді. Көрермені көп, көрсеткіші жақсы, — дейді Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев.
Елбасының «Ұлы Даланың 7 қыры» мақаласынан кейін жергілікті музейлердің де екінші тынысы ашылып, жаңа бастамалар туындаған. Биыл Орал музейі Ресей Федерациясының Мәскеу, Орынбор, Уфа т.б. қалалардағы архивтермен әріптестік байланысын жалғастыруға ниетті. Осы жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» бағытының «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Атқа міну мәдениеті» тармақтары бойынша Ақ Жайық өңірінің археологиялық алтын бұйымдарындағы аң стилі және Батыс Қазақстан облыстық тарихи өлкетану музей қорындағы ат әбзелдері жиынтығын каталогтарын шығару жоспарланған. Ресей Федерациясының шекаралас бес облысында жылжымалы көрмелер ұйымдастырылмақ.
Батыс Қазақстан облысында бүгінде 22 музей бар. Олардың көпшілігі, яғни 17 музей бір орталыққа қарайды, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы болып тіркелген. Еліміздегі жаңа тәртіп бойынша өңірлердегі, аудан-ауылдардағы шағын музейлер облыстық музейдің құрамына топтастырылып жатыр екен.
«Бұдан ол музейлер жапа шекпейді. Керісінше қаржыландыру мәселесі шешіліп, кәсіби тұрғыдан да күшейеді» дейді Мирболат Ерсаев.
Тарихи ғимарат тартып тұрады
Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі еліміз бойынша ең көне музейдің бірі саналады. Оның тарихы 1832 жылдан бастау алады. Бүгінде музей қорында филиалдарымен қоса алғанда 193186 жәдігер сақтаулы.
— Біз жақында 2018 жылдың қорытындысын шығардық. Бір жыл ішінде біздің үлкен ұжым 118455 келушіні қабылдап, 7793 мәрте экскурсия өткізіпті. Одан бөлек жоспарлы түрде ұйымдастырған 500-ге жуық мәдени шарамыз, 336 көрмеміз, 260 дәріс тағы бар, — дейді музей директоры.
Облыстық музей ХІХ ғасырдың ескерткіші – орыс-қазақ қолөнер мектебінің ерекше әсем ғимаратына орналасқан. Жалпы, Жайық жағасындағы көне шаһардың өзі тарихи орын, қастерлі үйлерге толы. Мысалы, батыр қыз Мәншүк Мәметованың мұражайы оның әкесі Ахмет Мәметов тұрған үйде орын тепкен. Емельян Пугачев, Пушкин музейлері де осы тұлғалардың табаны тиген тарихи ғимараттарда тұр. Сәкен Ғұмаровтың музейі орналасқан шағын үй де суретшінің шеберханасы болған еді. Жымпитыдағы Алашорда музейі, Хан Ордасындағы Бөкей ордасы тарихи кешені де ғасырдың ғаламат оқиғалары өткен киелі шаңырақтар. Осының өзі бұл музейлердің бәсін биіктетіп, келушінің көңіліне ерекше әсер сыйлайды.
Жаңа музейлерде жаңалық көп
Соңғы бірер жылдың өзінде Жаңақала, Қазталов, Шыңғырлау, Бәйтерек аудандарында жаңа өлкетану музейі ашылды. Теректі ауданында жаңа музей ашуға дайындық қызу жүріп жатыр.
Бір қызығы, Совет өкіметі кезінде әр өңірдің жергілікті тарихын, әсіресе қазақ ұлтының өткенін баяндайтын жәдігерлер мүлдем насихатталмаған екен. Оралда Пугачев, Чапаев ауылында Василий Чапаев, Дариянда Шолохов музейі ғана жұмыс істеген. Ал жоғарыдағы Шыңғырлау, Теректі, Бәйтерек (бұрынғы Зеленов), Тасқала аудандарында мүлдем музей болмаған. Осыған қарап-ақ советтік идеологияның қазақ жерінің терең тарихын тануға мүлдем ықылассыз болғанын көруге болады.
Мысалы, Шыңғырлауда аудандық тарихи-өлкетану музейінің ашылғанына бір жыл ғана уақыт болды. Шынтуайтқа келгенде бұл топырақта сонау сақ-сармат заманындағы көне қорғандардан бастап, одан бергі Қазақ хандығы мен тарихи тұлғалардың ізі әлі сайрап жатыр. Бірақ өңірде 1960 жылдардан бері археологиялық қазба жұмыстары жүргізілгенмен, бір де бір жәдігер тарихи отанында қалмаған. Арысы Мәскеу, берісі облыс орталығына кетіп отырған. Шыңғырлау музейінің директоры Тілеген Қалиев осы музейді жасақтаған кезде құнды жәдігерлерді қайтара алмай қиналғанын айтады.
Тәуелсіздіктің арқасында дүниеге келіп жатқан жаңа музейлердің негізгі лейтмотиві – ел мен жер, тәуелсіздік тарихы екендігі түсінікті жәйт. Бұл жерге келген адам Ұлы Дала тарихын, оның жарқын дәстүрлерін, азаттық жолында күрескен тұлғаларының тағылымды ғұмырын көреді.
Әр істі алға сүйрейтін — адам
Музей ісі жан-тәнімен берілгенді сүйеді. Батыс Қазақстан облысындағы түрлі музейлердің тарихына қарап отырсаңыз, олардың дамып, қалыптасуына жекелеген тұлғалардың өлшеусіз еңбек сіңіргенін байқайсыз.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейін көп жыл басқарған, бүгінде зейнет демалысына шықса да қатардан қалмаған, өңір тарихы, музей жәдігерлері туралы таңды таңға ұрып әңгіме айтуға бар Сара Танабаева апайды жерлестері «Оралдың Музей-апасы» деп атайды.
Бөкей Ордадағы бірнеше тарихи ғимараттың басын қосқан үлкен кешеннің қалыптасуына бүкіл өмірін арнаған Темірболат Махимов пен Көктерек ауылдық музейін тақыр жерден құрып, облысқа әйгілі мәдениет ошағына айналдырып кеткен Төлеген Сейіткереевті батысқазақстандықтар мақтаныш тұтады. Бұл кісілер өмірден өткенімен, олардың ісін ұрпақтары Ғайса Темірболатұлы мен Жайсаң Төлегенұлы жалғастырып, аталған музейлерді басқарып отыр.
Өз ауылында тарихи-өлкетану музейін ашу үшін 7,5 млн теңге қаржысын жұмсаған ақпәтерлік Кәрім Өтеғұлов ағамыз туралы «Егемен Қазақстан» газеті арнайы мақала арнаған болатын. https://www.egemen.kz/article/161674-tughan-zherin-tuletken
Күні бүгін ғұмырын музей ісіне арнап, білек сыбана кіріскен өлкетанушы Аманжол Сәлімов пен Жәнібек Әбілпейісовті ерекше бөліп айтуға болады. Мысалы, Аманжол ағаның жеке қорында 1 мыңға жуық құнды жәдігер бар. Жоғарыда айтылған Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейін жасақтауды қолға алған Аманжол Саясатұлынан мамандар көп үміт күтіп отыр.
Ал қарапайым мектеп мұғалімі Жәнібек Әбілпейісов Ақжайық ауданы Алмалы ауылдық округіне қарасты Атамекен ауылында «Жерұйық» мұражайын жасақтап, алыс-жақын жерлестеріне танымал болып үлгерді. Бұл музей әсіресе «Бес қару» экспозициясымен әйгілі. Қазақ батырының қару-жарағын Жәнібек түрлі шеберге тапсырыс беріп, өз қаржысына жасатқан. Ал торғайкөз кіреуке сауытты оқушыларымен бірге өзі тоқып шығыпты.
Айтпақшы, Қазталов ауданына қарасты Қошанкөл ауылында еліміздегі тұңғыш жылқы музейін ашқан ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ат бапкері Меңдіхан Халықұлының еңбегі де өз алдына бір бөлек әңгіме.
Жаңа ереженің талабы қатал
— Қошанкөлдегі жылқы музейін ашар кезде біз Меңдіхан ағаға барынша қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесімізді аямадық, — дейді Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев. – Әрине, шағын елдімекенде музей ашып, оны тұрақты ұстап отыру ауылдықтар үшін өте қиын мәселе. Олар бұл мекемені облыстық музей өз қолтығына алып, филиалы ретінде ұстағанын қалайды. Бірақ елімізде қабылданған Музей туралы Заңға сәйкес, жаңа музей ашудың талаптары бар. Яғни музей кемінде 5 мың тұрғыны бар елдімекенде ашылуы және ондағы жәдігер саны 1 мыңнан аз болмауы тиіс.
Қошанкөлдегі жылқы музейі де, Атамекендегі «Жерұйық» музейі де бұл талаптың үдесінен шыға алмайды. Сондықтан, олар әзірге өз қотырын өзі қасуға мәжбүр.
— Меңдіхан аға Қошанкөлде шаруа қожалығын ұстап, жылқы өсірумен, қымыз өндірумен айналысып отыр. «Сәйгүлік» музейінің бір ерекшелігі – мұнда балаларды, мектеп оқушыларын, әсіресе сал ауруына шалдыққан сәбилерді атқа мінгізіп, иппотерапиямен емдеуді жолға қойғысы келеді. Қазталов ауданы әкімдігі де бұл іске барынша жанашыр болып, қолдап отыр, — дейді Мирболат Ерсаев.
XVIII-XX ғасырлардағы казачество бекінісі болған, Сырым батыр, Махамбет Өтемісұлы қамалған абақтысымен әйгілі бұрынғы Антоново, қазіргі Атамекен ауылында тарихи ғимаратқа орналасқан «Жерұйық» музейіне де жергілікті билік орындарының қамқорлығы қажет-ақ. Өйткені музей ғимаратының төбесі әбден тозған, жауын-шашын болса, шатырдан су кетеді. Құнды жәдігерлер бүлінеді. Ақжайық ауданы әкімдігі ғимараттың шатырын жөндеуге қаржы бөлуге уәде бергенімен, оны орындауға асығар емес.
Сақтық пен тәртіп маңызды
Сонда қалай, халық саны 5 мыңға жетпейтін ауылдарда музей ашуға болмай ма?!
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры қызметіне қоса Халықаралық музейлер кеңесі (ICOM) Қазақстандағы өкілдігінің вице-президенті міндетін атқарып жүрген Мирболат Бижанұлы ауыл мектептері жанынан ашылған мектептердің болашағы зор деп санайды. Бірақ бұл істе кейбір мәселелерді ескеру керек.
Елімізде «Қазақстан Республикасындағы білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін музейлердің ережелері» бекітілген. Ережеде мектеп музейінің жұмысының мазмұны мен түрі, басқару және ұйымдастыру жүйесі, қорды сақтау және есепке алуды қамтамасыз ету түрлері ашып көрсетілген. Және мұнда мектеп музейлері тарихи-өлкетану, экологиялық бағыттары бола алатыны да аталған.
— Алайда көптеген мектеп музейлерінде жиналған жәдігерлер мен оның сақталым жүйесі жалпы музейлердегі заттар сақталымы бойынша Негізгі ережеге сай емес. Мәселен, археологиялық сала бойынша табылған заттар: қыш құмыралар, сынықтары, жебе ұштары, мамонттың тісі, қару-жарақ түрлері сияқты құндылықтар мектеп музейінде бала қолына ұстатпас бұрын зерттеу мен зерделеуден өтуі керек. Мысалы, облыстық музейдің археологиялық залындағы әрбір экспонат бізге «Батыс Қазақстан облыстық археология орталығы» арқылы түседі. Ғалымдар оны зерттейді, зерделейді, қоюға болатын археологиялық заттарды ғана музей қорына тапсырады. Содан кейін ғана ол экспозицияға шығарылады, оның өзінде жабық витрина астынан көрсетіледі. Музей ішін бірқалыпты температурада сақтауға әрқашан көңіл бөлініп отыруы керек. Қыста +10 градустан төмен, ал жазда 25 градустан жоғары болмауы керек. Түрлі кеміргіштерден, шаңнан сақтауға үлкен мән беріліп отырады. Шаңды жұмсақ тері щеткамен сүртіп отыру қажет. Түрлі кеміргіштерден қорғану үшін арнайы құралдар қолданылады. Тағы бір мәселе, мектеп музейінде қарудың неше түрлі бөліктерін кездестіруге болады. Ал музей заттарының сақталым тәртібі бойынша садақ, қылыш, мылтық түрлері міндетті түрде дабыл қосылғыш астында сақталуы қажет. Сигнализациясы жоқ жерде оларды қойып, көрсетуге болмайды. Бір ғана мысал айтайын, 2008 жылы Жәнібек ауылының тұрғыны Серік Молдағалиев ағамыздың ауласынан жарылмай қалған снаряд табылды. Жұмсақ жерге түсіп, құм көшкен кезде біртіндеп шығып көріне бастағанда, үй иелері оған бұзау байлап, шеге түзетіп жүрген. Соңынан снаряд екені анықталып, Ақтөбеден арнайы мамандар шақырылып, қауіпті «жәдігер» ауыл сыртында залалсыздандырған. Сондықтан кез келген архелогияға қатысты, қару-жараққа қатысты жәдігерді мектеп музейіне қоймастан бұрын ойлану керек, — дейді Мирболат Ерсаев.
Мектеп музейінің мүмкіндігі
Сонда мектеп музейлері қандай бағытта болуы мүмкін? — деген ой туары анық. «Қазір әр ауданда сол өңірдің табиғаты, тарихы туралы баян ететін тарихи-өлкетану музейлері бар. Әр мектеп өлкеге қатысты жинаған жәдігерлерін сол ауданның музейіне табыс етсе, онда бүкіл аудан тұрғындарына көру мүмкіндігін берер еді» деп санайды Мирболат Бижанұлы.
Облыстық музей басшысы мектеп музейі өлкеге қатысты материалдық емес мұра жинаумен айналысқаны жөн деп санайды. Материалдық емес мұраға аңыздар, мақал-мәтелдер, ертегілер, қиссалар, тұлғалар туралы әңгімелер жатады. «Көнекөз қариялар аузынан жазып алған деректерді мектеп музейі арқылы жинақ етіп шығарса қандай ғанибет!» — дейді ол.
Мектеп музейі ең алдымен мектеп тарихын жинап, сақтау үшін құрылуы қажет. Өйткені әр мектептің өзіне тән тарихы, қызықты шежіресі бар. Мектеп түлектері ішінен елге танымал адамдар – ғалым, батыр, еңбек ері, кәсіпкер, меценат, әртіс, ақын, жазушы шығуы әбден мүмкін. Осының бәрі аса қастерлі, қазіргі буын үлгі ететіндей тарих қой. Ендеше неге осылар туралы жинамасқа?!
Міне, базбіреуге тозығы жетіп, тот басқан көне жәдігерлер жиынтығы сияқты көрінетін музей ісінің осындай сан-салалы міндеті мен жауапкершілігі бар. Батыс Қазақстан облысында музейлердің саны ғана емес, сапасы да көтеріліп келеді. «Музей – қорда бар жәдігерлерді жұртқа көрсетіп отыратын ғана мекеме емес, ол ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысуы керек» — бұл Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының ұстанған пікірі.
«Егер Сіз көне дәуірлерден басталған бабалар тарихын баян етер маңызды дүниелер мен құнды деректерді өз көзіңізбен көріп, қолыңызбен ұстап, сол дәуірге саяхат жасап, ерекше әсер алып, қажетті мәліметтерді көңіліңізге тоқығыңыз келсе, музейге келіңіз» дейді батысқазақстандық музей қызметкерлері.
Йә, музейде өткен әр минутыңыз мағыналы болатыны сөзсіз.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан
Дереккөз: http://egemen.kz/