Ақ үй мен демократтар бюджетті келісе алмады
АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі мен Конгрестегі оның саяси бәсекелестері демократтар үкіметті қаржыландыру туралы келісімге келе алмаған соң, желтоқсанның 22-і күні Сенаттағы республикалық көпшіліктің лидері Митч Макконнел сессияны жабық деп жариялады. Енді Сенаттың келесі сессиясы тағайындалған желтоқсанның 27-інде мәселе қайта қаралғанға дейін АҚШ федералдық үкіметінің жұмысы ішінара тоқтап тұр («шатдаун»).
Алайда, Макконнел қазір келіссөздер жалғасып жатқанын, егер Рождество мерекесі кезінде мәмілеге қол жетсе, онда сессияны белгіленген уақытынан ерте шақыруға дайын екенін айтқан.
«Шатдаун» мәселесін шешу үшін Сенат үкіметті уақытша қаржыландыру туралы заң жобасын қабылдауы керек. Бірақ демократтар Мексикамен шекарада дуал құрылысын қаржыландыруға қарсылық білдіріп, ұсынылған заң жобасын бекітуден бас тартып отыр. Президент Трамп кезінде өзі уәде берген дуал құрлысын салуға бюджеттен қосымша 5 миллиард доллар бөлуді сұрайды.
Сенбі күні Трамп егер демократтар көнбейтін болса, онда «шатдаун» ұзаққа созылуы мүмкін екенін білдірді. Демократтар лидері Чак Шумер мәселені талқылауға өздерінің дайын екендерін, бірақ дуал салуға ешқандай қосымша қаржы бөлуді құптамайтындарын мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық