«Ақ келін болып аттандың, ақ кебінмен оралма!»: Жаңа ән шықты (ВИДЕО)
Танымал айтыскер ақындар Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан соңғы күндері елімізде өршіп тұрған әлеуметтік мәселені қозғап, ән шығарды, деп хабарлайды Kznews.kz Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге арналған әнін ақындар Instagram желісіндегі парақшасында жариялаған.
Үйлерді құлатып жатқан тасқын суға тосқауыл қоямыз деп сыртта жүрсек те, шаңырақты құлатып жүрген еркектерге ой салсақ деп осы тақырыпқа да тоқталдық, – деп жазды айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов.
Әйелді адам санамайды,
Ессіздер жанын жаралайды.
Дені сау адам сабамайды,
Үйдегі аруды.
Сүйген жар жау болмайды,
Тирандар жар болмайды.
Әйелдер армандайды —
Тыныштық табуды.
Жақсыда жаттық болар ма,
Жаманға көңілің толар ма?!
Ақ келін болып аттандың,
Ақ кебінменен оралма!, – деп жырлады өнер иелері.
Желі қолданушылары айтыскерлердің жаңа туындысын қолдап, ақжарма лебізін білдірді. Оқырмандар арасында ер адамдарға арнап ән шығаруын сұрағандар да табылды.
«Ақ келін болып аттандың, ақ кебінменен оралма деп Салтанатқа айтылғандай», «қаншама қазақтың келіншектері осылай күн кешіп жүр», «көңілдегіні дөп бастың», «көзіме жас алдым», «әйелді ұру дұрыс емес», «еркектерге арналған ән күтеміз» деп жазды оқырмандар.
видео:www.instagram.com