Аптаның үздік жеті хикаясы
Күнделікті қарбалас шаруамен жүргенде Азаттықтағы маңызды мақалаларды, видеорепортаждарды, фотогалереяларды көрмей қалуыңыз мүмкін. Осы аптада сайтымызда шыққан жеті үздік хикаяны қаперлеріңізге тағы бір мәрте саламыз.
2020 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) жаңа тәртіппен беріле бастады. Бірақ әйелдер арасында жаңа жүйеге қарсылар да бар. Қазақстан тұрмысы төмен отбасыларға АӘК бұрын қалай төлеп келген еді, енді қалай береді? Сарапшылар мен билік не дейді?
Таяуда Алматыда аймақтық «Орталық Азиядағы су ресурстарын тұрақты басқару және пайдалану мүмкіндіктері жүйесіндегі инновациялық қадамдар мен шешімдер» конференциясы өтті. Жиында талқыланған мәселенің бірі Сібір суларын Арал теңізіне бұру туралы болды. Су маманы мұны «қисынсыз» деп санайды.
Ресей президенті Владимир Путин Конституцияны өзгерту туралы ұсынысынан кейін сарапшылар «Кремль билік транзитіне қадам жасағандай» деген пікір айта бастады. Ресей Конституциясы өзгерсе, келесі сайланатын президенттің билігі шектеледі. Саясаттанушылар Ресейдегі жағдайды бұрынғы басшысы президенттіктен кетсе де, биліктің бір тармағын ұстап отырған Қазақстанмен де салыстыра бастады. Сарапшылар «Ресейде де Қазақстандағыдай сценарий жартылай болса да қайталанады» деп топшылайды.
Қаңтардың 15-і күні Human Right Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқықтарының жай-күйіне арналған 2020 жылғы есебін жариялады. Ұйым 2018 жылдың соңынан 2019 жылдың қарашасына дейінгі кезеңде жүзден астам елдегі адам құқықтарының жағдайына талдау жасаған. Есепте Қазақстанда былтыр адам құқығы саласында айтарлықтай өзгеріс болмағаны, бейбіт шеруді күшпен тарату жалғасып, оппозицияны, кәсіподақ белсенділерін қудалау күшейгені, тәуелсіз журналистерге кедергі келтіру, қамаудағыларды азаптау тыйылмағаны, мүгедек балаларға білім беру жақсармағаны, тұрмыстық зорлық-зомбылық істерінің көбі жабық күйінде қалатыны айтылған.
Алматыдағы Алатау ауданы ғимаратының ішінде тігін цехі ашылғаны хабарланды. Әкімдік бұл туралы Азаттыққа әлі жауап бермегенімен, сонда істейтінін айтқан кейбір аналар мұны растады. Мемлекеттік мекеме ішінде шеберханада Азаттыққа шабуылдағандардың бірі жұмыс істейді. Аудандағы басқа аналар мұндай өзгерістің зардабын тартып отырғанын айтады.
Қазақстан азаматы Рахыжан Зейнолла 16 жылдан бері Қытайдан қайта алмай отыр. Әйелі Фарида Қабылбек 13 жыл түрмеде, бір жарым жыл «саяси лагерьде» болған күйеуінің үйқамақта отырғанын айтады. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Зейнолланың ісіне байланысты Қытай елшілігіне ресми нота жолдағанын хабарлаған.
16 қаңтарда Жаркент қаласындағы сот «қазақ-қытай шекарасын бұзып өтті» деп айыпталған Шыңжаң қазағы Тілек Тәбәрікұлына үкім шығарды. Прокурордың Қытай қазағын елден шығаруды сұрағанымен, судья Тілек Тәбәрікұлын Қазақстанда қалдырды.