Аптаның үздік жеті хикаясы
Күнделікті қарбалас шаруамен жүріп Азаттықтың маңызды мақалаларын, видеорепортаждарын, фотогалереяларын көрмей қалуыңыз мүмкін. Осы аптада сайтымызда шыққан жеті үздік хикаяны тағы бір мәрте қаперлеріңізге саламыз.
Халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» алматылық тілшілерге жасалған шабуылды айыптап, Қазақстан билігінен кінәлілерді дереу табуға шақырды. 22 шілдеде 20 шақты әйел Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында жоспарланған баспасөз жиынының өтуіне кедергі жасаған. Олар жиынды түсіруге келген Азаттық тілшілері мен басқа да бірнеше журналиске қол көтеріп, техникаларын сындырған. Әзірге полиция сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлаған. Журналистерге шабуыл қалай жасалды? Азаттық оқиғаның хроникасын түзді.
Бір ай бұрын Арыста әскери қойма жарылған кезде бас сауғалағандардың ішінде қалалық перзентханадан қашқан әйелдер де бар. Бас дәрігер жаңа босанған аналар мен пациенттердің қалаға қайтуға қорқатынын айтады. Толығырақ оқу үшін >>>
Шілденің 24-і күні Семей қалалық №2 соты «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Сот процесінің соңы наразылыққа ұласты. Толығырақ оқу үшін >>>
Ақын әрі азаматтық белсенді Рамиль Ниязов өзін алаңға Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі жазылған плакатты ұстап шығуға не итермелегенін айтып, елдегі саяси жағдайдың поэзиядан көрініс табуы жайлы ойымен бөлісті. Толығырақ оқу үшін >>>
Солтүстік Қазақстан облысының билігі аймақтағы Прогресс ауылын «болашағы жоқ» деп таратқан. Бірақ ерлі-зайыпты зейнеткерлер Борис Петренко мен Валентина Курчаева ауылдан көшпей қалып қойған. Олар басқа елдімекеннен үй алуға жағдайы жоғын айтады. Ал Қазақстанда «болашағы жоқ» ауыл тұрғындарына басқа жерден тегін үй беретін бағдарлама қарастырылмаған.
Сарапшылардың кейбірі Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаевты «қоғаммен диалог орната алатын тұлға» десе, енді бірі «компромисті білмейтін қатты адам» деп санайды. Көшербаевтың өзі «біздің кезеңімізді ұрпағымыз ризалықпен еске алады» деп жазады. Толығырақ оқу үшін >>>
22 шілде күні Алматыда баспасөз мәслихатына барған журналистерге бір топ адам шабуыл жасап, түсіру техникасына зақым келтірді. Шабуылға ұшыраған журналистер арасында Азаттық радиосының тілшілері де болған. Азаттық осы мәселені журналист, саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлымен талқылады.