Апелляциялық сот Қайырлы Омардың үкімін өзгертпеді

0

Нұр-Сұлтандағы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы «қызметін асыра пайдаланды» деп 2 жылға сотталған «Жер тағдыры» қоғамдық ұйымының жетекшісі Қайырлы Омардың үкімін өзгертпеді.

24 желтоқсанда өткен апелляциялық сотта адвокаттар 59 жастағы Қайырлы Омарды ақтауды өтінді. Ал прокурор бірінші инстация, Сарыарқа аудандық №2 сотының шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Белсенді Қайырлы Омар өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Оның жақтастары Омарға қозғалған істің саяси астары бар деп санайды. Омардың апелляциясы қаралған сотқа ондаған адам келді. Айыпталушыны сотқа әкелген жоқ.

Қайырлы Омар 2018 жылы 5 шілдеде ұсталған. Кейін 19 шілдеде оны үйқамаққа шығарған еді, бірақ кейін билік ол үйқамақ ережесін бұзды деп қайта қамаған. 16 қазанда сот оны екі айға қамауға алған, содан бері ол түрмеде отыр.

Белсендіге әуелде Қылмыстық кодекстің 189-бабындағы «сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін талан-таражға салды» деген айып тағылған еді. Ал кейін айыптау бабы «Өкілеттікті теріс пайдалану» (Қылмыстық кодекстің 250-бабы) деп өзгертілген.

Омар қамауға алынғанға дейін «Азат шаңырағы» жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы қызметін атқарған. Омарға қатысты қылмыстық іс ол басқарған кооператив үйлеріндегі пәтерлердің бірін жалдап тұрған Жанар Қозыбақованың полицияға «жөндеу жұмысы үшін төлеген 4 мың теңгемнің қалай жұмсалғанын білгім келеді» деген арызынан соң қозғалған.

Қайырлы Омар 2016-2017 жылдары жерді шетелдіктерге беру мәселесінде билікке наразылық білдірген. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны «саяси тұтқындар» тізіміне қосқан.

Azattyq

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз