Апаттан зардап шеккендерге көмектесу үшін қан тапсыру орталығына жүздеген адам жиналды

0

Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккендерге көмектесу үшін қан тапсыру орталығына өте көп адам жиналды, дәрігерлер олардан қан алып үлгермей жатыр деп хабарлады оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі 27 желтоқсанда түскі сағат 13:30 шамасында.

Дәрігерлер бәрін қабылдап үлгермегендіктен тек қан құрамы төртінші топқа жататын адамдарды ғана кезексіз кіргізетінін айтқан. Қалғанындарын кейінірек қабылдаймыз деп қайтарып жатыр.

Қан тапсыру үшін кезекке тұрған Бостандық ауданының тұрғыны Марат есімді азамат Азаттық тілшісіне әлеуметтік желідегі хабарламаны көріп осында келгенін, зардап шеккендерге «қол ұшын беруге дайын халықтың ниетін көріп риза болғанын» айтады.

Қалалық қан орталығының басшысы Дилявер Бекировтің айтуынша, түске дейін орталыққа шамамен 500 адам келген. Жүзден астам адамнан қан алынған.

— Қан тапшылығы жоқ. Қан жеткілікті. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа байланысты көп адам келді. Біз қан тапшы деген ақпаратты таратқан жоқпыз, — деді орталық басшысы Дилявер Бекиров.

Бұған дейін әлеуметтік желіде белсенділер зардап шеккендерге көмектесу үшін тұрғындарды қан тапсыру орталығына барып, қан өткізуге шақырған еді. Жергілікті билік қаза болғандардың отбасына көмек беруге уәде берген.

Желтоқсанның 27-і күні таңертең Алматы әуежайы маңына Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы құлады. Ұшақта 93 жолаушы мен бес экипаж мүшесі болған. Қаза болғандардың санына байланысты ақпарат сәт сайын өзгеріп жатыр. Ресми орындар бастапқыда 15 адамның қаза тапқанын хабарлаған. Кейінірек Алматы қалалық әкімдігі ұшақ апатынан 12 адамның қаза болғанын мәлімдеп, олардың тізімін жариялады. Олардың арасында экипаж командирі де бар.​

50 адам Алматы қаласы мен облыстағы бірнеше ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оннан астам адамның жағдайы ауыр екенін айтады.

Azattyq