«Апай-топай көмді де тастады»: Алматыда коронавирустан көз жұмған науқастың туыстары жерлеу рәсіміне наразылығын білдірді – Қазақстан жаңалықтары

0

Алматыда коронавирустан көз жұмған марқұмның туыстары оны үйден емдеуге жібермей қойғанына наразы. Ал марқұмды дінге сай жерлей алмағандары олардың ашуын екі есе ұлғайтқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

жерлеу

«Ағамыз науқастанып, оңала алмай жүргеніне жарты жылға жуықтаған. Диагнозы да жақсы емес. Бауыр циррозы. Бірнеше күн бұрын қан қысымы төмендеген соң баласы жедел жәрдем шақыртқан екен. Сонымен бәрі бітті. «Науқасының жағдайын өзіміз білеміз, ayруханада жатпай-ақ қойсын» – дегенімізге дәрігерлер көнбей қойды. Әншейінде «Біреулер ауруханаға жата алмай жүр екен немесе нашар, алып кетіңдер депті» – дегенді еститін едік. Жоқ жабысып айырылмады. Aғамыздың халін, диагнозын көріп қуанып кеткен болуы керек: «Короновирусқа бір клиент табылды» – деп. Қолды-аяққа турғызбай, ана ауруханаға бір апарып, мына ауруханаға бір апарып, ақыры короновирус қылып шығарды. Содан бауырымызды көрмедік. Бертінге дейін шамалап тамақ ішіп, кіріп-шығып жүрген, көңіл-күйі де жаман емес еді», – деп жазды Facebook-тегі парақшасында марқұмның қарындасы Ләззат Дүйсембекова. 

Оның жазуынша, туысын «екі аптасы өтсе, шығарады ғой», – деп үміттеніп жүрген.

«Кеше танда бақилық болғанын eсiттік. Мәйіт берілмейді, сағат сегіз жарымда Қалқаманның мәйітханасынан полигонға алып кетеді, неше метр жерде тұрып қоштасуға екі адамға ғана рұхсат дегенді естіп, жан ұшырып молда тауып, Қалқаманға жеттік. Сол жерде жаназасы шығарылды. Жәшікке салып, жәшіктің бетін шегелеп тастаған екен, жүзін де көре алмадық», – деді Ләззат Дүйсембекова. 

Ол мәйітті арнайы машинаға салған, ал өздері бөлек бір машинамен арттарынан жүріп отырып баруға рұхсат алғанын атап өтті. Тіпті, қабірді де қазып, дайындап қойған екен.

«Ақым жоқ, шамамен 1,5 метр терендікте қазылыпты. Табыт қабірге түсірілген соң үстіне екі мешок хлор төкті. Бұл не? Адам қайтып кетті, оны дезинфекцияладың, матаға орадың, сыртынан целофанға орадың, оны жәшікке салып шегеледің. Қабірге жәшігімен салдың, енді оның үстіне екі мешок хлор төгіп не керек?», – деп наразылығын білдірді Ләззат Дүйсембекова.

Оның жазуынша, жолдың сол жағына мұсылмандар, оң жағына христиандар жерленетін етіп шешкен екен.

«Біз бауырымызды жер қойнауына тапсырып жатқанда, оң жақта 74 жастағы бір қарияны жерлеп жатты. Осы короновирус болмағанда да ол қарияның ертелі-кеш дүниеден өтетіні хақ еді. Осы короновирус болмаса да диагнозы аса жақсы емес біздің бауырымыздың да ертелі-кеш дүниеден өтетіні хақ еді… 74 жастағы қария христиандардан 8-адам болып, менің бауырым мұсылмандар жағындағы 4-адам болып жерленді. Қайтыс болған адаммен қоштасу, оны арулап жерлеу адамзат баласына тән мәдениеттің, құндылықтың бірі. Осыны қазіргі билік аяқ асты етіп отыр», – деп атап өтті Ләззат Дүйсембекова.

Оның сөзінше, туысқандардың бәрі Талдықорғанда қалған.

«Зар еңіреп отыр. Ең болмаса қастарына барып көрісе алмай, карантиннен шыға алмай біз отырымыз. Бауырымызды анау екі-үш сағаттың ішінде апарып, апай-топай көмді де тастады», – деп жазды марқұмның қарындасы.

stan.kz

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз