«Апай құлағымды бұрап, кесіп аламын деді»: Нұр-Сұлтанда балабақша тәрбиешісінің былығы әшкере болды

0
1109
Advertisement

Бір топ ата-ана «тәрбиеші балаларымызды ұрды» деген шағыммен арнаға хабарласты. Соңғы уақытта осындай оқиғалардың жиілегені рас. Тіпті бақылау камераларына түсіп қалатындарын ойламайтын тәрбиешілер көбейіп барады, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі «Хабар» арнасына сілтеме жасап.

Жалпы жүйке сыр беруі мүмкін. Мүмкін жалақысына көңілі толмайтын шығар. Үйдегі ұрыс-керістер, енді тізе берсе, себептер көп. Шағым айтқан ата-аналардың қолында бақылау камерасының жазбасы да бар екен. Бірақ балабақша басшылығы тәрбиешіні жұмыстан қуып, өздері жазадан сытылып кеткісі келетін сыңайлы. Ал әкімшілік сот тәрбиешіге 27 мың теңге айыппұл жазып берумен шектелген.

Ата-аналардың ашуын тудырып отырған да осы. Өйткені тура 2 жыл бұрын дәл осы балабақшада балаларды ұру дерегі тіркелген екен. Бас-аяғы 40 секундтық видео балабақшадағы біраз былықтың бетін ашып берді. Тәрбиешінің баланы жеңінен жұлқи тартқаны, қолынан ұрғаны анық көрініп тұр. Төрт жасар қызының айтқанына Әлима алғашқыда сенбестік танытыпты. Бірақ камерадағы жазбаны көруге бел буады. Сөйтсе бұл бер жағы ғана екен.

«Мен ешқандай ескертусіз кіріп келіп, камераның жазбасын сұрадым. Ол жерде не бар екенін алғашында өздері де білмегендіктен, бере салды. Сөйтсем тәрбиеші қызыма тамақ бермей қойған. Бейнежазбадан алдындағы ыдысының бос тұрғанын байқауға болады. Енді бірде жатын бөлмеден жылап шыққан. Ал жатын бөлмеде түсірілген видеоны бермей отыр. Ол жақта не болғанын кім білсін?» – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әлима Исақұлова.

Жатын бөлменің жазбасын біз де сұрадық. Сөйтсек ол тек меңгерушінің рұқсатымен беріледі екен. Ал меңгеруші аяқ астынан басқа қалаға біліктілігін арттыру курсына кетіп қалыпты. Оның міндетін атқарушы қызметкердің жұмысқа орналасқанына не бары бір-ақ апта болған.

«Ол жағынан менің ешқандай хабарым жоқ. Камераға менде допуск жоқ. Басқаға жауап бермеймін. Мен ол кезде болған жоқпын», – деді №84 балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Құралай Құдайбергенова.

Балаға қол көтерген тәрбиеші сынақ мерзімінде жүрген маман болып шықты. Теріс қылығы дәлелдене сала жұмыстан шығарылған. Ал бізді «Балабақша меңгерушісі неге жауапқа тартылмайды?» деген сауал қызықтырды. Бірақ бөлім басшысы бұл сұраққа жауап бергісі келмеді, материалдың эфирден шыққанына да қарсы болды. Кімге қоңырау шалғаны белгісіз, бәрі байланыс аясынан тыс жерде болып шықты. Сосын амал жоқ, сабасына түсіп, жауап беруіне тура келді.

«Ол Білім басқармасының бұйрығымен біліктілігін көтеру курсында жүр. Оқуда жүрген адамды біз ешқандай да тәртіптік жазаға тарта алмаймыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының Мектепке дейінгі ұйымдар бөлімінің басшысы
Айгүл Ережепова.

Ата-аналардың алаңдайтыны, №84 балабақшада бұған дейін де дәл осыған ұқсас жағдай болған. 2018 жылы мекеме тәрбиешісінің ұйқыға жатқысы келмеген балаларды шапалақпен ұрғаны бақылау камерасына түсіп қалады. Тәрбиеші жұмыстан қуылады да, іс жылы жабылып қоя салады. Ата-аналар басшылықтың мұндай бассыздыққа тағы да жол бергеніне налып отыр.

«Менің балам: «Апай құлағымды бұрап, енді бұзықтық жасасаң, кесіп аламын деп айтты», – деп жылап келді. Таңертең келгенде тәрбиешінің өзінен: «Солай айтқаныңыз рас па?», – деп сұрадым. Мойындаған жоқ», – деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Дана Есенова. 

«Немерем балабақшаға баруға қорқып қалған. Таңертең әрең көндіріп апарамыз. «Апай мені ұрады, бармаймын», – дейді. Ойын баласы болған соң басында мән бермегенбіз, жай сылтауы шығар деп ойлағанбыз. Видеоны көргеннен соң көзіміз жетті», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Меруерт Кобзина.

Ата-аналар балаға қатігездік танытқан тәрбиешіге әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындауды сұраған болатын. Бірақ дәл осы материал дайындалып жатқан тұста Әкімшілік соттың шешімі шықты. Тәрбиеші Ұлжан Бағдатқа 27 мың теңге айыппұл тағайындапты.

Ең соңғы жаңалықтарды KzNews.KZ телеграм каналынан оқи аласыз! Телефоныңызға тікелей келетін ақпаратқа жазылыңыз. 

 
Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз