Анжелина Джоли Ауғанстан туралы бейбітшілік келіссөзге әйелдерді қатыстырту қажеттігін айтты

0
148

Наурыздың 29-ы күні БҰҰ отырысында сөз сөйлеген Голливуд актрисасы Анжелина Джоли Ауғанстандағы ұзаққа созылған қақтығысты аяқтауды көздейтін бейбітшілік келіссөзге әйелдерді де қатыстырту керек деді.

“Ауғанстанда мыңдаған әйел жуырда бастарын қауіпке тіге отырып, бейбітшілік туралы келіссөзде өздері мен балаларының құқықтары қорғалуын сұрады, әлі күнге дейін олардың қатысуына рұқсат етілмеген” деді Джоли БҰҰ өкілдері мен дипломаттарына.

“Халықаралық қауымдастықтың үнсіз реакциясы алаңдатарлық. Ауғанстанда немесе кез келген жерде әйелдердің құқықтарын бейбітшілік немесе тұрақтылыққа айырбастауға болмайды” деді ол.

Ол әйелдер теңдігі мәселесі ысырылып қала берсе, әлемде “қақтығыстар мен зорлық-зомбылықтар” жалғаса береді деп айтты.

43 жастағы актриса Анжелина Джоли – 18 жылдан бері БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі агенттіктің арнайы өкілі.

АҚШ радикалды “Талибан” қозғалысымен Ауғанстандағы 18 жылға созылған соғысты аяқтау мақсатында бейбіт келіссөз жүргізіп келеді.

Ауған үкіметі бұған дейін Талибан өкілдерінің өздерімен әріптестік орнатудан бас тартып, келіссөзден тыс қалғанына шағымданған.

Елдегі кейбір әйелдер де «өздерінің пікірлері ескерілмей келе жатқанын» және «егер Талибан өкілдері үкіметке келетін болса, 2001 жылдан бері қол жеткізген кішігірім «еркіндіктің» өзінен айрылып қаламыз ба» деп алаңдаған.

Анжелина Джолидің айтуынша, әлемде табысты да жігерді оятатын әйелдер көп болғанмен «қыз-келіншектердің басым бөлігі әлі соғыстың құрбанына айналып отыр».

“Босқындардың жартысынан көбі және жыныстық зорлық-зомбылық пен гендерлік күш көрсету құрбандарының басым бөлігі – әйелдер” деді ол.

Оқи отырыңыз: «Талибанмен» бейбіт келісім: үміт пен күдік

Azattyq