Анықтамаларды тегін алуға болады
Әрине, еліміздегі жаппай цифрландыру, еңбек өнімділігін арттыру бағдарламасы қазір күнделікті тірлікке дендеп енгендігі анық байқалады. Жүйелерді біріктіру арқасында жеке және заңды тұлғалардың бос сабылысы азайып, уақыты мен қаражаты үнемделе бастады. Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көрсететін қызмет түрлері ай сайын толығып келеді. Дәлірек айтқанда, бүгінде барлық мемлекеттік қызметтің 82 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілуде. Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік бөлімі Елбасының тапсырмасын орындай отырып, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 2 млн-нан аса зейнеткердің базалық зейнетақы мөлшерін қайта есептеп шықты. Осының арқасында, зейнеткерлікке шығушы азаматтар ХҚО-ға келіп, бір ғана өтінім жазу арқылы зейнетақы төлемдерін тағайындата алады.
Сондай-ақ барлық мемлекеттік қызметтің 60 пайызы онлайн түрде ұсынылуда, ал биыл бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Ең бастысы, халық арасында көлікті онлайн тіркеу, көлік жүргізушісі куәлігін онлайн ауыстыру, бала тууына қатысты проактивті қызмет сияқты мемлекеттік қызметтер сұранысқа ие болып отыр. Бұл – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басшысы Абылайхан Оспанов келтірген деректер.
Ал жаңа жылдан басталған тың жаңалық ретінде наркологиялық және психоневрологиялық ұйымнан анықтамалардың Egov порталына енгізілгендігін және тегін екендігін айтуға болады. Күні кеше жүргізуші куәлігін алу, жұмысқа тұру барысында сұралатын бұл анықтамалар халықтың қалтасына едәуір салмақ әрі уақытын шығындайтын бейнет болғаны рас. Медициналық орындардың үш минутта әзір болатын қос анықтамасына тұрғындар 4 мың теңгеге жуық қаражатын жұмсап келді. Міне, цифрландыру саясаты көптен бері халықтың көкейінде жүрген мәселеге де жетіп, бір бейнеттен арылтты.
Бұған дейін аталған анықтамаларды беретін ұйымдардың жұмысына талдау жасаған прокуратура органдары бір жапырақ қағаз үшін жиналатын қаражаттың заңдылығына назар аударып, олардың тарифі белгіленген тәртіп бойынша бекітілмегендігін хабарлаған еді. Оған қоса, медициналық ұйымдар ұсынылатын мемлекеттік қызметтің мақсатын білмеген, білсе де білмегендей болған. Соның нәтижесінде диспансерлер анықтама алуға келген адамдардың денсаулығын тексеруді қолға алып, құжаттың бағасы қымбаттап шыға келген. Іс жүзінде олар мәліметтер қорына үңілуді дәрігерлік кеңес берудің санатына жатқыза салған.
Сайып келгенде, «электронды үкімет» бұл келеңсіздікке нүкте қойды. Енді тек цифрлы қолтаңбаңыз болса, анықтаманы тиісті порталдан 15 минуттың ішінде тегін аласыз. Сөйтіп, диспансерлердің кірісі төмендейтін болса да, қарапайым халық үшін тағы бір игі іс жүзеге асты.
2019 жыл енгізген жаңалықтардың бірі, цифрлы дәуірдің тағы бір жетістігі – автокөлік жүргізушілерінің қағаз түріндегі сақтандыру полисінен құтылғандығы. Енді сақтандыру туралы мәліметті полиция қызметкері деректер қорынан қарай алатын болғандықтан, жүргізушілер оны қалтасына салып жүруге міндетті емес. Полиция да жол жүру ережесінің «Жүргізушінің жалпы міндеттері» бөліміне енгізілген өзгеріске сәйкес көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық міндетті сақтандыру құжатының қағазын талап ете алмайды. Бұл да цифрландырудың жемісі.
Өткен жылдың соңындағы жиналыстардың бірінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазір елімізде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 741 екендігін және оның 454-і автоматтандырылғандығын атап өткен еді. Министрдің айтуынша, әлеуметтік еңбек саласында электронды еңбек биржасы енгізіліп, оның қызметін 81 мыңнан артық жұмыс беруші мен 373 мың жұмыс іздеуші алған. Ал денсаулық сақтау саласының 700 ұйымында медициналық құжаттар қағазсыз жүргізіліп, 13,3 млн адамның науқас тарихы электронды паспорттарға көшірілген екен. Мұндай үдеріс әлеуметтік саламен қатар, экономиканың барлық салаларында қолданылуда.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/