Антибиотиктерді дұрыс пайдалану бойынша 677 консультация пункті құрылды
Астана, BAQ.KZ. Микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен күрес бойынша ДДСҰ жаһандық іс-қимыл жоспары шеңберінде Қазақстанда Дүниежүзілік антибиотиктерді дұрыс пайдалану апталығы өтті.
Бұл іс-шара антибиотиктерге төзімділік мәселесіне қоғамның назарын аудару және осы саладағы озық тәжірибе туралы халықтың, денсаулық сақтау қызметкерлері мен осы құбылыстың одан әрі таралуын болдырмау үшін саясатты әзірлеуге жауапты тұлғаларды ақпараттандыру мақсатында өткізілді.
Барлық облыста, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында апталықты дайындау және өткізу үшін жұмыс топтары құрылды. Антибиотиктерді пайдалану бойынша сұрақтар мен жауаптар үшін «қауырт желі» жұмысы қамтамасыз етілді.
«Астана қаласында 13 қарашада ДДСҰ, Денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы министрліктері, Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы, медициналық ұйымдар, АМУ, медициналық қоғам өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел отырысында антибиотиктердің қаупі мен пайдасы, республикадағы микробқа қарсы препараттарға төзімділіктің дамуын тежеу мәселелері талқыланды. Оның қорытындысы бойынша қарар қабылданды. Елорданың барлық аудандарында орналасқан төрт LED-экранда, Министрліктер үйінде, сондай-ақ қоғамдық көліктерде роликтер көрсетілді» — дейді ұйымдастырушылар.
Апта барысында өткізілген іс-шаралар республикалық БАҚ-та және ҚР АКМ барлық аймақтық коммуникация қызметтерінде жарық көрді.
«Апта барысында өңірлерде 20 семинар өткізілді, медицина қызметкерлеріне 42 дәріс оқылды. Газеттер мен журналдарда 11 мақала жарияланды. 2675 парақша таратылды, 30 бюллетень дайындалды, антибиотиктерді дұрыс қолдану туралы ақпараты бар 12 плакат шығарылды. Осы тақырып бойынша 677 консультация пункті құрылды, 1313 адамға кеңес берілді» — дейді мамандар.
Дүниежүзілік антибиотиктерді дұрыс пайдалану апталығын өткізу халықтың, медицина жұртшылығының хабардарлығын арттыруға, микробқа қарсы препараттарға төзімділіктің жоғарылауынан және антибиотиктерді дұрыс қолдану бойынша одан әрі шаралар қабылдау қажеттілігінен туындаған қауіптерді барынша терең түсінуге мүмкіндік берді.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ