«Ант бердің, жаныңды сал»: Сапарбаев бас дәрігерлерге жиналыс ашты — новости Казахстана

0

Бердібек Сапарбаев Ақтөбенің барлық бас дәрігерлерін жинады. Облыс басшысы мемлекеттік және жеке емханалардың басшыларына өңірдегі мидицина сапасын жақсартуды тапсырды деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

"Ант бердің, жаныңды сал": Сапарбаев

Бердібек Сапарбаев. Фото: NUR.KZ

Сапарбаев мырза қаланың алыс аудандарында тұратын тұрғындардың жедел жәрдем қызметін ұзақ күтпеуі үшін сол жерлердегі аурухана ішінде қосалқы станциялардың жұмыс жасауын талап етті.

«Дәрігер боламын деп ант бердің бе, жаныңды салып жұмыс жасау керек. Ғимарат сала бермей, ауруханаларда қосалқы станциялар орналастыруға болады. Мәселен, Қарғалы ауданында аурухана бар. Сол жерде 1-2 бөлмені босату керек. Әр жерге қосалқы станцияны осылай жасаңыздар.

Егер жұмыстың сапасын жақсартпай, дәрігерлердің деңгейін көтермей, қанша ғимарат салып, көлік алсақ та түк шықпайды.

Медицина саласына мемлекеттің қолдауы көп. Қаншама ғимараттар салынып жатыр. Жалақы жөнінен де мәселе жоқ. Әлеуметтік желілерде халықтың сіздерге деген наразылығы толып тұр.

Жедел жәрдем бекетін сенімгерлікке алған түрік компаниясы бәрін қатырамыз деп уәде берген. Қатырып жатқан жоқ.

Әркім өзіне алған міндетін толығымен орындау керек. Орындамаса оған ертең басқаша талап қоямыз. Жылтыратып қойғанның керегі жоқ, қызмет сапасына көңіл аудару керек», — деді Бердібек Сапарбаев.

"Ант бердің, жаныңды сал": Сапарбаев

Фото: NUR.KZ

Сонымен қатар, әкім бас дәрігерлерге қызметкерлеріне қарапайымдылық пен ілтипатты үйретуге кеңес берді.

«Ең негізгісі — дәрігерлердің мәдениеті. Көріп жүрміз, ауруханаға кіргенде анықтама орнында тұрғандар қозғалыссыз тұрады. Амандасуды, не жылы ілтипат білдіруді білмейді.

Шетелдегі ауруханаларда кіргеннен күліп қарсы алады. «Қандай сұрағыңыз бар?» деп алдыңнан шығады. Ал біздің олардан қандай кемдігіміз бар?

Қызметкерлердің сыртқы келбеті де әсер береді, киім киістің өзі де маңызды. Адамдар ауруханаға бір қызметкердің ілтипатымен баға беруі мүмкін.

Өкінішке орай, бізде алдыңда сағыз шайнап тұратындар көп. Осындай қазақтың қыздарына қарап жүрегің ауырады. Қарапайым сөйлесуді білмейді.

Мен ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ деп айта алмаймын. Көрсеткіштеріміз жаман емес. Бірақ, бала өлімі тіркелген соң жасап жатқан жұмыстар жоққа шыққандай.

Бізде Қазақстанда жоқ медициналық қызмет, офтальмологиялық орталық бар екен деп айтылмай қалады. Біз бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Ақтөбенің медицина саласы әр уақытта жоғары деңгейде болған.

Неге біз мұндай медкластерді Қызылордада, Шығыста салмадық? Себебі, осындай база Астана мен Алматыдан кейін Ақтөбеде ғана бар. Қызметкерлерді аттестациядан өткізіп, жалақысын да соған сай есептеңіздер», — деді әкім.