«Әншілерден артық ұйымшыл ұжым жоқ»: Сәкен Майғазиев кез келген іске өнер адамдарын араластырмауды өтінді

0

“Музарт” тобының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Сәкен Майғазиев “су тасқыны кезінде әншілер үнсіз қалды” деп айыптаған халыққа басу айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі үнсіз отырмай, жағдайды бақылап, халыққа қаржылай көмектесіп отырғанын жасырмады.

“Су алып жатқан жерлердің баршасына шамамыздың келгенінше біз де үлесімізді қосып жатырмыз. «Қарға өшін тырнадан алыпты» демекші, кез келген нәрсеге әншілерді, өнер адамдарын қосып, ғайбаттаудың қажеті жоқ. Біз де осы қоғамның бір мүшесіміз, азаматымыз. Әріптесіміз Сержан Молдасанұлы айтпақшы, әншілерден артық ұйымшыл ұжым жоқ. Арыстағы жағдай болсын, Мақтааралды су басқанда да, басқа да жағдайларда басы-қасынан табылдық. Өте ұйымшылмыз, бір-біріміздің сөзімізді сөйлеп, сойылымызды соғуға дайынбыз. Енді, мына жағдайда әскер жұмылдырылып жатыр. Президентіміздің өзі жолдау жасап жатыр. Осының бәріне құлақ асып, тыңдап, түсінейік. Ең бастысы, адам шығыны болмаса екен деп тілейміз. Қаншама қайырымдылық қорлары жұмыс істеп жатыр. Көмек көрсетіліп жатыр. Осы сәтті пайдаланып, жеке алаяқтықпен айналысып жатқан адамдар да өте көп», – деді өнер иесі.

Сонымен қатар әнші қажет болса, батыс өңіріндегі ағайынмен бірге болып, көмектесуге дайын екенін айтты.

«Жүрегімізбен, жанымызбен сіздермен біргеміз. «Қасымызда болыңдар» десеңіздер, баруға дайынбыз. Әншілер шамасы келгенше қаржылай қолдау көрсетіп жатыр. Жағдайы барлар миллион теңгеден, жағдайы жоқтар кем дегенде 100 мыңнан аударды. Айту керек болса, осыны да айтайық. Дұрысынан түсініңіздер. «Болмайтын адам өнбейтін істі даулайды» деген сөз бар, болмайтын сөзді айта бермейік. Бәріңізді құшақтадым», – деп ағынан жарылды әнші.

Еске салайық, еліміздің біраз өңірін су басып, халықты әбігерге салды. Тұрғындардың жаппай басқа жаққа қоныстанып жатқанын жазған едік.