Әнші Kalifarniya Америкада концерт бермек
Жастар арасында Kalifariniya лақап атымен танымал әнші Фархат Қалиев “Түнгі студия” бағдарламасында алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бағдарлама жүргізушісі Нұрлан Қоянбаевтың: “Қазақстандық жас әншілер елімізде ғана емес, шетелдерде де концерт берсе екен, сол жақтан ақша алып келсе екен деп ойлаймыз. Қандай жоспарларың бар?” деген сауалына Фархат: “Бұйырса Американың үш қаласында концерт бергелі жатырмын. Сол жақтан ұсыныс түсті. Қазіргі кезде көршілес Қытай, одан кейін Оңтүстік Корея елдерімен сөйлесіп жатырмыз. Қазан айында Американың Нью-Йорк, Майами және Чикаго қалаларында концерт өтеді”, – деп жауап берді.
Жақында биші қызға үйленген Kalifariniya шетелдегі концерттеріне келіншегінсіз аттанатынын айтты.
“Менімен ермейді, үйде қалады. Бұл біздің ортақ шешім”, – дейді Фархат.
Айта кетейік, Фархат Қалиев биыл шілде айында Анеля есімді арумен шаңырақ көтерген болатын.