Әнші «Әміре» «Алтын кітапқа» енді

0

2018 жылғы 23 желтоқсан 16:13 597

Әнші «Әміре» «Алтын кітапқа» енді


ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат — Қостанай облысында «Облыс жастарының алтын кітабына» енген жаңа лауреаттар салтанатты түрде марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл «Алтын кітап» 11 жаңа есіммен толықты. Оның ішінде — жас көшбасшылар, журналистер, өнеркәсіп және агроөнеркәсіп мамандары, жас ғалымдар, спортшылар, дарынды әртістер, ұстаздар мен кәсіпкерлер бар. Олар облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың қолынан марапат алды.
Әнші «Әміре» «Алтын кітапқа» енді 

«Біз жылдың қорытындысын шығарып, қостанайлық ең үздік жастарға құрмет көрсетіп отырмыз. Олардың қол жеткізген жетістіктері, еңбектегі табыстары, жоғары нәтижелері лайықты бағаларын алып, есімдері «Облыс жастарының алтын кітабына» енгізіледі. Елбасы әрқашан жастар өкілдеріне ерекше көңіл бөледі. Мемлекет басшысы 2019 жылды жастарға арнауы бекер емес. Біздің облыста жастардың сапалы білім алып, қалаған мамандықтарын меңгерулеріне, мақсаттарына жетулеріне қажетті жағдай жасалып отыр. Осы мақсатта экономика, спорт, мәдениет, кәсіпкерлік салаларында заманауи нысандар салынуда. Жастар саясатын дамытуға деген мемлекеттік қаржыландыру көлемі де жоғары. «Дипломмен — ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Еңбек» сияқты бағдарламалар үшін мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Мұндай қолдаулар жастарды табысқа жетелейді», — деді аймақ басшысы.

Биылғы байқауға 110 үміткер қатысып, олардың арасынан тек 11-і іріктеліп алынды. Үздік шыққандар қаржылай сыйақымен және арнайы грамотамен марапатталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Сүндет Байғожин марапаттау рәсімінің құрметті қонағы болды.

Қостанайлық жас әнші, «Әміре» есімімен танымал Ернар Садырбаев та «Облыстың алтын кітабына» енді. Еске салсақ, ол биылғы «Славян базары» халықаралық байқауында бірінші орынды иеленген болатын.
Әнші «Әміре» «Алтын кітапқа» енді

 

 

«Облыс жастарының алтын кітабы» жобасы 2005 жылдан бастап іске асырылуда. Осы күнге дейін кітапқа 195 жеңімпаздың есімі енді. «Тобыл» футбол командасының капитаны Нұрбол Жұмасқалиев бұл кітапқа №1 болып тіркелген еді.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz