Анасына көмектеспек болған әйел ойламаған жерден байып кетті
Қысқа сілтеме алу
Әйелдің отыз үш жыл бұрын болмашы ақшаға сатып алған сақинасы мол табысқа кенелтті
АСТАНА, 11 ақпан – Sputnik. Англияда қайырымдылық ұйымының қызметкері Дебра Годдард анасына көмектесу мақсатында сақинасын сатпақшы болып, күтпеген жерден байып кетті.
Дебра сақинаны 33 жыл бұрын жеңілдікпен сатып алған екен, ол бар-жоғы 10 фунт тұрған. Әйел ондағы тасты жай шыны шығар деп ойлаған. Әшекейді осы уақыт ішінде, яғни анасы алаяқтарға алданып, барлық жиған-терген ақшасынан айырылып қалғанға дейін қорапта сақтап келген. Осы жағдайдан кейін әйел сақинаның құнын білу үшін зергерге алып барған. Маманның сөзі оны қатты таңғалдырады. Әшекейдегі шыны емес, 26,27 карат гауһар болып шыққан, деп хабарлады Сегодня.
«Зергерге барғанымда, ол есінен тана жаздап, «Сен мұның не екенін білесің бе? Бұл гауһар» деді. Мен түні бойы оған қарап отырып, не істейтінімді ойландым», — дейді Дебра Годдард.
Зергердің сөзі рас екеніне көз жеткізу үшін әйел Sotheby’s аукцион үйіне барады. Ондағылар тасты 740 000 фунтқа бағалаған, деп жазды The Sun.
Аукцион шығындарын алып тастағаннан кейін әйелдің қолына 470 000 фунт (шамамен 226 миллион теңге) тиді, алайда бұл да аз ақша емес. Осылайша 55 жастағы Дебра анасына көмектесіп қана қоймай, аяқ астынан байып шыға келді. Кейінрек Дебра тіпті көне зергерлік бұйымдармен жұмыс істейтін өз фирмасын ашып, өзінің басына қонған бағы туралы кітап жазды.
АҚШ тұрғынының джекпот ұтып алуына автобустан кешігуі себеп болды
sputniknews.kz