Анасы мен өгей әкесі өлтірді деп айыпталған: Талдықорғанда 14 жастағы қыздың өліміне қатысты тергеу аяқталды
Талдықорғанда 14 жастағы қыздың өліміне қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Еске салсақ, 2024 жылдың қаңтар айында Текелі қаласының маңындағы таудан талдықорғандық оқушы қыз Карина Дорохинаның зорлық-зомбылық белгілері бар денесі табылған еді. Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен қыздың анасы мен өгей әкесі ұсталды.
Ресми мәлімет бойынша, тергеу аяқталып, қылмыстық іс айыптау актісімен бірге соттың қарауына жіберілді.
«14 тамызда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына екі тұлғаға қатысты «зорлау», «сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері», «азаптау», «адам өлтіру» баптармен іс келіп түсті. Қазіргі уақытта іс өндіріске қабылданды, алдын ала тыңдау 29 тамызға белгіленді», — делінген Жетісу облыстық сотының мәлімдемесінде.
Еске салсақ, 2023 жылдың желтоқсан айында Талдықорған полициясына жергілікті мектептердің бірінен 14 жастағы оқушының жоғалып кеткені туралы ақпарат түскен. Мектеп басшылығының мәліметінше, оқушы қыз бірнеше ай бойы сабаққа қатыспаған. Қыздың анасы мен өгей әкесі күдікті ретінде ұсталып, көп ұзамай күдіктілер қыздың денесінің жерленген жерін көрсеткен.