Анасы көршінің үйінде болған: 2 жасар баланың өліміне қатысты тың ақпарат шықты
Анасы көрші үйде қонақта болып, балаларын терезеден бақылап отырған. Біраз уақыттан кейін баласын таба алмай қалған
Қазақстанның ішкі істер министрлігі Риддер қаласында мәйіті табылған балаға қатысты толық ақпарат берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ведомствоның мәліметінше, 9 сәуір күні кешке Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының полициясына көп балалы ана хабарласып, ағаларымен бірге үйдің сыртына ойнауға шығып кеткен 3 жасқа да толмаған ұлын екі сағаттан бері іздеп, таба алмай жатқанын жеткізген.
«Балалар анасымен бірге көшеге шыққан. Анасы көрші үйде қонақта болып, балаларын терезеден бақылап отырған. Біраз уақыттан кейін далаға шыққан кезде, баласын таба алмай қалған. Басқа балалар да оның қашан және қайда кеткенін байқамаған», — делінген хабарламада.
Ішкі істер органдары бірден балалар ойнап жүрген тұрғын үй маңын, көшелер мен үйлерді тексерген. Маңайдағы он көшеде 50-ден астам үй қаралды. 3-ші көшеден кейінгі дүкендерде орналасқан камералар тексерілді, алайда жазбалардан ештеңе табылған жоқ.
Іздестіру түні бойы жалғасты, оған 80-нен астам полиция қызметкері және Ұлттық ұланның 50 әскери қызметшісі, құтқарушылар, ТЖД 3 кинологиялық қызметі және 135 ерікті қатысты. Жаңбыр жауып тұрғандықтан қызметтік иттер іздерді таба алмаған.
Таңертеңгі тоғыз жарымда ғана облыстың криминалдық полиция қызметкерлері Быструха өзенінің бойын тексеру кезінде өзеннің бойында, бала жоғалып кеткен үйден шамамен 800 метр қашықтықта жатқан ағаштың жанынан баланың мәйітін тапты.
Ішкі істер министрлігі елдегі су тасқыны жағдайын ескере отырып, көшеде жүрген балаларға абай болуды, кішкентай балалар мен кәмелетке толмаған балаларды су қоймаларының жанында жалғыз қалдырмауды сұрайды.