«Анам қарсы болды»: Өзінен 6 жас үлкен әйелге үйленген әнші жан сырын ақтарды

0

Танымал әнші Ринат Шамшырақ жақында шаңырақ көтерген еді. Өзінен 6 жас үлкен, бір баласы бар келіншекті жар еткен әнші түрлі кедергіге тап болғанын жасырмады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі “Жұлдызды weekend” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Әншінің тойында жасалған беташар рәсімі де сынға қалған еді.

“Аружанмен үнемі бірге жүрдік. Екеуміздің саламыз бір болғасын жиі кездесеміз, сырласамыз. Жақсы дос болып араластық. Қыз бен жігіт болып жүре бастағанда бәрі әңгіме ете бастады. Тіпті біздің үйдегілер де қызығушылық танытты. Бірақ анам әйелімнің менен үлкен екенін, тұрмыста болғанын, баласы барын білмеді. Кейін «үйге әкел, Жаңа жылды бірге тойлайық» деді. Ауылдан қайтқаннан кейін ауылдағылар зерттеп қызыққан. Аружанның парақшасын тауып, анама көрсеткен. Ол жерде ұлымен түскен фотолар да бар. Содан туысқандар арасында әңгіме басталды. Анам басқаша көзқараста болды. Анам «сенен үлкен ғой, болашағың алда» деді. Мен жарайды дей салдым. Сөйтіп туысқандар күнде хабарласып ренішін айтты. Туысқан ағаларыммен бірге өнерде ақыл сұрап, кеңесетін аға-әпкелерім “өзіңнен үлкен қыз керек емес” деп ақылын айтты. Тығырыққа тіреліп, басымның қатқаны рас. Өте қиын кезең болды”, – деп еске алды әнші.

Айтуынша, сол екі ортада денсаулығы сыр беріп, күрделі ота жасатуға тура келген.

“Күн сайын бір туысқаным хабарласып, ақыл айтатын. Анамның да көзқарасын өзгертіп қойған. Ол оқиға менің денсаулығыма да әсер етті ме деп ойлаймын. Бір күні қатты ауырып, ауруханаға түстім. Күрделі ота жасалды. Туысқандардан тығылып Аружан да келіп жүрді. Неше түрлі тамақ пісіріп әкелетін. Туысқандардың сөзінен кейін әлеуметтік желіге де кіре алмай қалдым. Бір туысқан ағам “басқа қызбен сөйлессең, тез ұмыта аласың” деп ақыл айтты. Өзім әйеліме “адам боламын, ешкімге көз салмаймын” деп уәде бергенмін. Бірақ ата-анамның батасын алмай, ешқандай қадам жасай алмадым. Мен үшін бірінші орында ата-анамның разылығы. Сөйтіп алдымнан шыққан басқа қыздармен сөйлесе бастадым. Бәрібір Аружанды ұмыта алмадым», – деді ол.

Еске салайық, өнер иесінің тойындағы беташар рәсімі сынға қалғанын жазған едік.