«Анам қайтыс болған»: Базарда жұмыс істеп жүрген 7 жасар бала қауіпсіз жерге орналасты

0

Smartnews.kz басылымының хабарлауынша, Жетісайдағы 7 жасар бала мен оның інісі қауіпсіз жерге орналастырылды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеген.

Қазіргі таңда тиісті органдар балалардың денсаулық жағдайын, оларды құжаттандыру және барлық құқықтарын қалпына келтіру мәселелерімен айналысуда.

Kazinform агенттігінің дерегінше, базарда арба сүйреп жүрген 7 жасар баланың видеосы тарады. Анасының жоқтығын айтқан бүлдіршін 5 жастағы інісі мен әкесі, үшеуі бірге тұратындығын айтқан. Ол құжаттарының жоқтығынан мектепке бармаған.  Аталған видеоға пікір білдірушілердің бір тобы балаға жанашырлық танытса, енді бір тобы қараусыз қалдырған жергілікті басшылықты кінәлады. Олардың ішінде «Мына баланы тауып беріңіздерші, әкесінің телефон нөмірі бар ма? Үй, жұмыс, мектеп бәрін шешіп беремін», «Құжаты болмаса да, мектеп оқытуы керек», «Жетісайдың әкімі, сондағы басшылар қайда қарап отыр, жауапқа тарту керек», «Қай жақта екен, қалай көмек бере аламыз», «Қалайша құжат жоқ? Әкесі құзырлы органдарға барса, құжат жасап береді ғой, тас дәуірі емес қой, 21-ғасыр», «Ертең өте мықты бала өсіп шығады» деген жазбалар бар.

Ал, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл жағдайды шешу үшін мемлекеттік орган бекіткен алгоритмге сәйкес арнайы топ жұмылдырылғандығын мәлімдеді.

«7 жасар бала мен оның інісі қауіпсіз жерде. Қазіргі уақытта тиісті органдар балалардың денсаулық жағдайы, оларды құжаттандыру және барлық құқықтарды қалпына келтіру мәселелерімен айналысуда. Айта кетейік, әр баланың құқықтары мен мүдделерін, оның ішінде отбасын, қауіпсіздікті, білім беруді және лайықты өмір сүру жағдайларын қорғау басымдық болып табылады. Аталған мәселе түпкілікті шешілгенге дейін Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауында болмақ», — делінген комитет тарапынан берілген ақпаратта.