«Анам әлі күнге дейін ұялады»: Тапқан табысына қанағаттанбаған балқаштық келіншек сваркамен айналысып кетті — Қазақстан жаңалықтары
Темірден түйін түйген балқаштық келіншек ойын алаңшаларын жасап, тұтынушыларды тәнті етуде. Кәсіпкерлік пен ұсталықты ұштастырып, «нарыққа жаңаша леп әкелем» деген Әдемі Есеншораева ерекше кәсіптің қыр-сырын айтып, Stan.kz тілшісіне сұхбат берді.
Әдемі Ұланқызының негізгі мамандығы – бухгалтер. Екі қызды өсіріп отырған аяулы жар, ибалы келін жоғары оқу орнын бітіріп, жолдасы екеуі саудамен айналысқан. Тапқан табысына қанағаттанбаған келіншек екі жыл бұрын мүлде басқа бағытқа жол салады. Кәсіби білімі болмаса да дәнекерлеу ісін меңгеріп, кәсібіп ашады.
– Ең алғашқы кәсібіміз – фотосалон болатын. Жолдасыммен соңғы рет жаңа жылдық шырша саттық. Ісіміз дөңгелеп, 10 метрлік шыршаға тапсырыстар түсе бастады. Сварщиктер жалдап жүріп, кейін неге өзім де жасап көрмеске деп қолыма дәнекерлеуші құралды ұстап көрдім. Маған қызық болып, әр жасаған жұмысыма қарап ләззат алдым. Осылай дәнекерлеу ісін меңгердім, — дейді 25 жасар келіншек.
Әдемінің өткір құралдар мен оттың арасына түсуіне жолдасы қарсы болмаған. Қайта оны демеп, жасаған өнімдерін саудаға шығаруға кірісіп кеткен. Кәсіпкер бұл ісін қыз балаға жат санамайды. Тіпті, еңбектің де ебін таба білген ол әкімдіктен жалға жер алып, арнайы шеберханасын ашқан. «Бизнес бастаудың» арнайы жобасына қатысып, нарық заңдылықтарын игере бастаған Әдемі жолдасымен қат-қат болмаса да, өтімді дүние өндіруге көшкен.
– Бастапқыда қорқыныш болды. Өйткені өндірісте ең қауіпті инструменттерді қолымызға алып, бірін кезіп, екіншісіне жалғаймыз. Бұл қателікті кешірмейтін сала. Темірді өлшеммен кесіп, сақтықпен біріктіреміз. Қауіпсіздік ережесін жадымыздан шығармаймыз. Екі жылдан бері аудандағы саябақтар мен балалар ойын алаңшаларындағы әткеншек, тағы басқа қажетті дүниелерді жасап жатырмыз. Бала-бабақшаға қажетті өнімдерімізді еліміздің түпкір-түкпіріне жеткізіп беремін. Дайын жұмыстар бар, тапсырыс арқылы жасатуға болады. Жолдасым бұл салаға келуіме қарсы болмады. Ал анам әлі күнге ұялады, сварщик екеніңді ешкімге айтпа дейтін, қазір көз жеткен соң ба дұрыс қабылдайды барлығын, — дейді Әдемі Ұланқызы.
Өз ісін жандандырып отырған еңбек адамының өмірлік арманы асқақ. Күнделікті тапқан несібесі бүтін бір отбасының еркін тұрмыс-тіршілікте ғұмыр кешуіне жеткілікті екенін айтады. Бұйыртса, алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, қызметін жандандыруды қолға алмақ. Сәтін салса балқаштық «сварщик» келіннің өнімі өтімді дүниеге айналғалы тұр.
stan.kz