Ана жақта мені аруақтар шақырып жатыр ғой: Қонаевтың өмірден өтерінде көрген түсі
Дінмұхамед Қонаевтың діндар, иманды жан болғаны жайлы көп айтылады. Тіпті, Димекеңнің он жетінші атасы, әулиие Қожа Ахмет Ясауиді пір тұтқан, атақты Ақсақ Темірдің заманында өмір сүрген Бәйдібек би деседі. Қаратау етегінде мазар-кесенесі тұрған бұл қасиетті кісінің рухына халық күні бүгінге дейін тәу етеді. Оның әйелі Нұрила «Домалақ-Ана», «Періште нұрлы» кейуана атанып, аңыз болып кеткен.
Димекең дінге шек қойылған кеңестік заманның өзінде Отырардағы Арыстанбаб, Түркістандағы Әзірет сұлтан – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, түп атасы Бәйдібек пен Домалақ Ананы пір тұтып, іштей аруақтарға тағзым етіп жүреді екен.
Қонаевтың діндарлығы жайында жақсы білетіндердің бірі – белгілі дәрігер, қажы Кәрім Бекмұхамбет еді. Сол кісі Димаш Ахметұлының жары Зухра апаның да өте таза, Кеңес үкіметі тұсында-ақ имандылық жолын ұстанған әйелдердің бірі екенін айтып, үйлерінде алтын әріппен жазылған Құранның түр-түрі болғанын әңгімелейтін еді.
Қазақтың дәстүрінде қажы-имамдар мен молда-қариялардың, әулие ғұламалар мен кейде тіпті ақындардың да дүниеден қашан өтетінін іштей сезіп, айналасына сездіріп жүретін қасиеті бар. Арқадағы ақын, құран қариі Файзолла, Жетісудағы Божбан ата, бұрынғы Алматы мешітінің молдасы Қырықбай қария қай күні дүние салатынын, тіпті кейбірі ай-күніне шейін дәл айтып көз жұмған.
Дәл осындай қасиеті Димаш Қонаевтың да бойында болған екен. Олай дейтініміз, Димекеңмен ежелден сыйлас, көп жыл құдайы көршісі болған, сыртқы есіктері бір үйде тұрған (қазір де сол үйде тұрады) Сұлтан Сүлейменұлына өмірінің соңғы жылдары Димекең «Әй, Сұлтан, бәріміздің сүйегіміз осы үйден шығады. Сондықтан сыйластығымызға сызат түспесін» дегенді жиі айтады екен.
Сұлтекең болса, «Димеке, қойыңызшы қайдағыны айтпай» деп ренжитін көрінеді…
Көп уақыт өтпей, Димекең кенет аяқ астынан бақилық болады. Сұлтекең көршісінің нені меңзегенін сонда ғана біледі.
Өмірден өтеріне он шақты күн қалғанда, Димекең жақсы көретін «алтын ине» дәрігері Кәрімді үйіне шақырады.
«Кәрім қажы. Бүгін мен бір түс көрдім. – деп сөзін бастаған екен Димаш Ахметұлы. – Мына үйдің төрінде марқұм Брежнев, оның қасында әлдеқашан о дүниелік болған Косыгин қонақ болып, дәм татып отыр екен. Оларға шай құйып, мені фәни дүниеге тастап кеткен сүйікті жарым Зухра Шәріпқызы да меймандармен бірге отыр. Бәрі көңілді. Брежнев Алматыға келген сайын Зухраны қолынан шай ішуші еді. Мен есіктен кіріп келдім. Төрде отырған Леонид Ильич «Димаш кел, кел» деп маған қолын созды. Солай қарай жүрдім. Соған қарағанда, ана жақта мені аруақтар шақырып жатыр ғой. Татарка жақтағы бұрынғы ескі мұсылман қорымында менің әжем, немере ағам, тағы да біраз таныс, туыстар жатыр ғой. Жүр, соларға барып, Құран оқиық» дейді.
Содан екеуі зиратқа барып, құран оқып, бет сипап қайтады.
«Бұл жаңылмасам, тамыз айының бас кезі еді. Осы жерде тұрып Димекең бір аптадан кейін Талдықорғанға – Тынышбаевтың тойына баратынын айтты. Арада он шақты күн өткенде, яғни, тамыздың 22 күні, Димекеңнің сол жақта көз жұмғанын естідім. Есімнен танып қала жаздадым. Бәрінен бұрын жарықтықтың маған айтқан түсінің қалай дәл келгенін күні бүгінге дейін қайранмын. Димекеңнің мәйітіне түсіп, кебіндегендердің бірі болдым«, — деп еске алады Қонаевтың қазасын Кәрім дәрігер.
Димекең аз уақытта талқанының таусылатынын қалай білген. «Бұл – әулиелерге ғана тән қасиет. Ондай адам жүз жылда бір-ақ туады ғой» деген сөзді Кәкең жиі айтатын. Айтпақшы, Димекеңнің соңғы Талдықорғанға сапарында ол кісінің қасында жүріп, серік болған үлкен кісілер «Бұл Қонаевтың туған халқымен бақилық қоштасуы екен. Әйтеуір, ол кісіні көруге келген халық қарақұрым болып кетті» деп еске алады.
Әйелі өмірден өткенде, 1992 жылы Димекең сол кездегі бас муфти Рәтбек қажыны қонаққа шақырады. Сонда «Олай-бұлай болып кетсем, о дүниеге Алланың ақ жолымен аттандыру ойыңызда болсын» деп тұспалдаған екен.
Содан келесі жылы, 1993 жылы Димекең дүние салғанда, Рәтбек қажы өзі жаназасын шығарып, соңғы сапарға аттандырады.
Ораз Қауғабайдың естелігінен, Qadam.asia