«Ана тілін менсінбейді»: Ғылым кандидаты қазақ тілі туралы шындықты айтты — новости Казахстана
Фридрих Эберт қорының ұйымдастыруымен өткен «БАҚ және Қазақстандағы инклюзивті қоғам»конференциясында әлеуметтік ғылымдар кандидаты Гүлнара Ісмұханова Қазақстанда қазақ тілін кемсітетіні анықталған зерттеу нәтижесін ұсынды деп хабарлайды NUR.KZ.
«Біздің конституциямызда Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді үйренуі тиіс екені айтылған. Ал зерттеуіміздің нәтижесі бұл міндеттің орындалмағанын көрсетті. Себебі, еліміздегі 30 жасқа дейінгі жастардың 50 пайызы және 60 жастан асқан қарттардың 25 пайызы ғана үйде қазақша сөйлейді екен.
Ал орыс тілінде сөйлейтін жастар саны 30 пайыздан төмен болса, егде жастағы азаматтардың 40 пайыздан астамы орыс тілінде сөйлейтін болып шықты.
Қазақтілді азаматтар кемсітуді сезетіндерін айтады. Себебі, желіде де, мейрамхана мен вокзалдарда, әуежайларда барлығы орыс тілінде қызмет көрсетеді. Түркия азаматымен болған жанжал да естеріңізде шығар.
Бізде қазақ тілінде білім алған азаматтардың қажетті ақпаратқа қол жеткізуі қиын. Өйткені, барлығы орыс тілінде. Біздің еліміз көптілді емес, орыс тілді болып кетті. Ал мемлекетеміз әлі күнге дейін колониялық санамен өмір сүріп, колониялық саясатты көріп келеді.
Қазір сөйлеп жүрген тіліміз де соны көрсетеді. Бір жағынан, балаларды 12 жасқа дейін қазақ тілінде оқытатын кеңес жүйесінің тәрбиесі қызығырақ болатын сияқты.
Мен жеті жаста болғанда қазақ тілінде білім алуым үшін жанұямызбен Ресейден көшіп келдік. Сол жылдары, 80-ші жылға қарай мектепте оқу үшін 300 рубль пара алатын еді. Ал маған орын табылмаған болатын.
Менің әкем Ресейде қазақ мектебін үздікке бітірген. Мен, этникалық қазақ, Қазақстанға келіп, қазақ тілінде оқу құқығымды пайдалана алмадым. Нәтижесінде, мен үшін негізгі тіл орыс тілі болып қала берді.
Өз ана тілін білмеген адамға басқа тілді үйрену ұят. Макаренко «Әлемді ана тілінде тану адамға үлкен сенім мен зор денсаулық, өз потенциалын дамыту мүмкіндігін береді» деп айтқан», — деді ғалым.
Гүлнар Ісмұханова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының доценті.