«АНА» деген атқа лайықты емес: Бақыт Тұрман кімнің кінәлі екенін айтты — Қазақстан жаңалықтары

0

Белгілі әнші Бақыт Тұрман өгей шешесі қинап келген үш қыздың оқиғасына кімнің кінәлі екенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бақыт Тұрман

Бақыт Тұрман  өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамның қатыгездігіне баға беріп, осындай оқиғалардың орын алуына кімнің кінәлі екенін айтты. Үш баланың анасы атанған әнші «ана» деген атқа өзінің де лайық емес екенін ескеріп, барша әйел қауымына мейірімділік тіледі.

«Барлық бала сүйген әйел «ана» деген атқа лайықты емес. Эxx, неше түрлі ана атты әйелдерді көріп жүрміз ғой. Осындай ойды қалыптастыруға тағы да себепші болған оқиға — күні кеше жария болған өгей ананың үш бірдей қыз баланы қорлап, арам оймен бірнеше жыл бойы қинап келуі. Кейбірі әкімшілікті, құқық қорғау органдарын, баланы қорғау органдарын кінәлап жатыр. Олардың не қатысы бар? Кез келген отбасында болып жатқан жайттарды олар біліп отыруға міндетті емес шығар», — дейді ол. 

Әрі қарай ол өзін де мінсіз аналардың қатарына қоспайтынын айтып өтті. 

«Біз қайтадан өзімізден бар жауапкершілікті алып тастап, біреуді кінәлауға дайын тұрамыз. Бұл жерде кінәлі адамдар қатары үшеуін бірдей тастап кеткен туған шешелерінен басталады емес пе, одан кейін көріп тұрып көрмегендей болған әке, одан кейін өзінің баласы бола тұра, басқа баланы қорлауға қолы барған әйел, кейін туыстары, мектеп оқытушылары. Осындай жағдайдан Алла барша кінәсіз балапандарды сақтасын! Мен өзімді «ана» деп атауға асықпаймын. Мен дүниеге әкелуші, асыраушы, тәрбиелеуші ретінде қабылдаймын әзірше өзімді. Балаларым аяққа тұрып, білікті маман болып, олардың осы өмірде кірпіш боп қаланғанын көргенде ғана өзіме «ана»деген атақты тағайындаймын. Сол күнге Алла жеткізсін деп тілеймін! Бала ата-ананы таңдамайды ол қағида! Ал баланың өмірінің бақытты болуы біздің таңдауымыз бен жауапкершілігіміз! Барша әйел жанына мейірімділік пен даналық дарысын!», —  деп жазды әнші.

stan.kz