Ан-26 ұшағының апаттарынан 1500-ге жуық адам қаза тапқан
Алматы іргесіне құлаған АН-26 ұшағының қатысуымен 170-ке жуық әуе апаты тіркелген. Бұл әлемдік статистика. Нәтижесінде 1500-ге тарта адам қаза тапқан. Ашық ақпарат көздеріндегі деректер осылай дейді. Жүк тасымалдауға арналған әскери әуе көлігі жайлы тағы не белгілі? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Улы үйрек». Күні кеше Алматы іргесіне құлаған АН-26 ұшағы осындай лақап атқа ие көрінеді. Әуе кемесінің бүгінге дейінгі сәтсіз сапарларын санасақ, саусақ жетпейді. Кеңес дәуірінде шығарылған 1398 дана ұшақтың 170-ке жуығы түрлі себептермен жерге аман қона алмаған. Нәтижесінде 1500-ге тарта адамның өмірі қиылды.
2016 жылдың 9 наурызы АН-26 Бенгал шығанағына құлады. Үш адам қаза тауып, біреуі тірі қалған.
2017 жылдың 29 сәуірі. Кубадағы таулардың біріне соғылған АН-26-ның оқиға орнында күл талқаны шықты. Борттағы 8 адам түгел мерт болды.
2017 жылдың 30 мамыры. Ресейде АН-26 әуе кемесі апатты жағдайда қонып, ұшқыш қаза тапты. Одан бөлек, 4 экипаж мүшесі ауыр жарақат алды.
2018 жылы 20 желтоқсан. Конго Республикасында да аталған әуе кемесі апатқа ұшырап, 7 адам көз жұмды.
Ал бұл былтыр Украинада болған апат. Курсанттар мінген ұшақ техникалық ақауларға байланысты жерге қона алмай, жарылды. 27 экипаж мүшесінің 26-сы оқиға орнында мерт болды.
Ашық ақпарат көздерінде АН-26 әуелдегі АН-24 моделінің түрленген үлгісі екені айтылып жүр. «Ұшақ көбіне жүк тиеуге, оны түсіруге ыңғайлы болғанымен, жолаушылар тасымалына аса жарай бермейді», — дейді мамандар. Мұндай көліктер көбіне Әуе қорғаныс күштері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде қолданылады екен.
АН-26 әуе кемесінің техникалық сипаттамасы мынадай. Ұшақ 24 тоннаға дейін жүк көтере алады. Әдетте, оған 5 тоннадан бастап 23 тоннаға дейні жүк тиеледі екен.
Жоғары жылдамдығы сағатына 540 шақырым. Қанат аралығы 29,2 метр. Ұшақтың ұзындығы 23,8 метр. Биіктігі 8,6 метр. Ішіне 40 адам сияды.
Еліміздегі ардагер ұшқыштар бізде АН-26 секілді кеңес заманынна қалған ұшақтардың көп екенін айтады. Темір болған соң тозбай тұрмайды. «Сапалары сын көтермегендіктен құлап жатыр», — деген пайымда.
Арат Нарманбетов, ҚР ҰҚК отставкадағы полковнигі: «50-60 жылдан бері әуеде ұшып жүрген әуе кемелері. Күрделі жөндеу жүргізіп тұру қажет. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын да ескеру керек. Олар жасалса жақсы, бізде жемқорлық та бар ғой. Кейде сапалы жасалмайтын кездер болады. Техникалар ескірген. Ұшақтың техникалық ахуалы да ескерілуі керек. Соңғы рет қашан жөнделгені».
«Ал шынына келгенде, әскери ұшақтар азаматтық әуе кемелеріне қарағанда кез келген жағдайға сақадай сай болуы керек» дейді мамандар. Сондықтан олардың жарамдылығы әрдайым жіті бақылауда болуы тиіс.