АН-26-да қаза болған ұшқыштың жұбайы: Әлі есеңгіреп тұрмын

0
1729

Алматы облысында әуе апатынан опат болғандар жер қойнына тапсырылды. Қызмет барысында қаза тапқан 4 әскеримен туыстары, әріптестері мен ауылдастары қоштасты. Сол апаттан зардап шеккен бір науқастың жағдайы жақсарып келеді дейді дәрігерлер. Тек экипаж командирі Артем Аширов әлі хәл үстінде жатыр, деп хабарлады КТК.

Авиация бөлімінің штурманы Ғабит Барлықбаевпен қоштасу рәсімі өзі туып-өскен Алматы облысының Бақтыбай ауылында өтті. Қара жамылған отбасы антына адал болған атпалдай азаматтың қазасына көндігуден басқа амал жоқ деп отыр.

«Кеңес үкіметі кезінде ұшқыш болуды армандадым. Бірақ орайы келмеді. Сосын балаларым ұшқыш болса екен деп армандадым. Балаларым үмітімді ақтады. Ғабитөгім өз ісінің маманы болды. Халқына адал қызмет етіп, антын орындады», – дейді майор Барлықбаевтың әкесі Есімде Барлықбаев.

36 жастағы Ғабиттің артында аңырап жан жары мен кәмелет жасына толмаған үш бірдей баласы қалды.

«Отбасы болғалы еркелеп, ештеңеге алаңдамай жүрдік. Өзі бәрін реттейтін. Әлі есеңгіреп тұрмыз. Көзің ашық тұрса да, сенбейсің. Бәрі түс сияқты. Шейіт кетті ғой. Жұмаққа барады. Сол ғана мені тыныштандырады. Бізге уайымдамай, сол жақта алаңсыз жүрсін деп өз-өзімді ұстап тұрмын», – дейді  Барлықбаевтың жары Гүлзира Орманбекова.

Қызмет басында бақилық болған тағы үш әскериді де туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Ал Алматы қаласының бас дәрігері қайғылы оқиғадан зардап шеккен бір азаматтың өміріне төнген қауіп сейілгенін айтты. Тек 31 жастағы экипаж командирі Артем Ашировтың жағдайы әлі өзгеріссіз. Оның хал-ахуалын білуге ауруханаға курстастары келді.

«Мамандығын жақсы көретін. Әр ұшқыш өз мамандығын жақсы көреді. Танитын адамың осындай жағдайда жатқаны қиын екен. Тез жазылып кетсін. Әйелі мен екі баласы бар. Бір баласы жақында туған, қырқынан да шықпады», – дейді Ашировтың курстасы Бақтияр Ақмурзинов.

Өткен сенбіде Нұр-Сұлтан қаласынан көкке көтерілген Шекара қызметінің Ан-26 әскери ұшағы Алматы әуежайының ұшып-қону жолағына жете алмай құлап, лезде отқа оранған болатын. Әуе кемесінің бортында болған 6 адамның төртеуі оқиға орнында қаза тапты. Қазір арнайы құрылған комиссия апаттың себебін анықтап жатыр.

1$, 5$, 10$ ... Тәуелсіз KzNews жобасына қолдау көрсету