Әміре Қашаубаевтың медалі Ұлттық музейге табысталды

0
06 Желтоқсан 2018, 16:45 296 0

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұлттық музейге сый тарту» акциясының үш жылдығына орай көрме өтті. «Әміре» көркем фильмінің продюсері Алидар Өтемұратов Ұлттық музей қорына Әміре Қашаубаевтың Парижде жеңіп алған күміс медалін табыс етті.

Әміре Қашаубаевтың күміс медалі мен фильмге арнайы жасалған екі домбыра Ұлттық музей қорына салтанатты түрде табысталды.

Әміре Қашаубаев – шетел асып өнер көрсеткен алғашқы қазақ. 1925 жылы Парижде осы марапатқа ие болды. 2016 жылы Джулия Гани медальді тұңғыш рет қазақстандықтардың назарына ұсынып, «Әміре» фильмінің бас продюсері Алидар Өтемұратовтың қолына табыстады.

Белгілі актер, «Әміре» фильмінде әншінің рөлін сомдаушы Санжар Мәдиев DAR компаниясы мен Алидар Өтемұратовтың атынан жәдігерлерді өз қолымен Ұлттық музей қызметкерлеріне табыс етті.

«Қазақтың тарихына үлес қосқан осындай тұлғаның рөлін сомдау және осы жерде сөз сөйлеу мен үшін үлкен құрмет. 1925 жылы бұл медаль Әміреге табысталды. Қазір мұндай медаль көшірмелері өте көп, ал түпнұсқасы екеу ғана. DAR компаниясының, Алидар Өтемұратовтың атынан медальді Ұлттық музейге табыстаймын. Сіздерге үлкен рақхмет!» — деді Санжар Мәдиев.

Ол «Әміре» фильмі әлем халқына кеңінен жол тартқанын айта кетті.

«Біздің картинамызды бүкіл әлем тамашалады. Оны Америкада көрсетті. Халықаралық картиналар арасында бірінші орын жеңіп алдық. Парижде премьерасы болады. Бірнеше күннен кейін Румынияға барамыз. Содан соң Қытайда көрсетеді. Әміре үшін жасаған туындыны бар ғаламшар көретін болады», — деді актер.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің атынан Санжар Мәдиевке алғыс хат табысталды.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ