«Америкалықтарды орындарынан тұрғыздық». Мұрат Құсайынов АҚШ-қа аяқ басқан «Дос-Мұқасанның» естеліктері жайлы — Қазақстан жаңалықтары

0

Қазақтың тұңғыш аспапты ансамблі «Дос-Мұқасан» қазақ елін мұхит асып, шетелге таныстырған, алғаш рет Америкаға аяқ басып, ықыласына бөленген қазақ топ екенін біреу білсе, біреу білмес. Халық өнерін дамытып, сусындатқан қазақ жігіттердің гастрольдік сапардағы естеліктерін қайта жаңғырту мақсатында Stan.kz тілшісі ансамбльдің көркемдік жетекшісі әрі негізін қалаушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Мұрат Құсайыновпен сұхбаттасты.

Сұхбат барысында музыкант топтың ең алғашқы Венгрияға сапарынан бастап, Берлинге, соғыс ошағы болып жатқан Ауғанстанға және ең ірі сапар Америкаға қалай жол салғандары жайлы айтып берді.

Алғашқы халықаралық тәжірибе Венгриядан басталды

«Дос-Мұқасан» ансамблі 1967 жылы құрылған соң, венгрлік студенттермен қосылып интернационалдық студенттік жасақта болдық. Баянауылда ансамбль бірінші концертін беріп, оны венгрлер құптап, топтың атауын да өздері ұсынды.  Бір жылдан кейін бізді венгрлер құрылыс жасақ құрамында Будапешт қаласына шақырды. Қаражаттың бәрін Алматы облыстық комсомол комитеті шешті, сапарды ұйымдастырды. Бір айдай жұмыс істегеннен кейін Дунай өзенінің жағасында орналасқан Болотон деген халықаралық демалыс орнына апарды. Ол жерде он шақты мемлекеттен жиналған жастар демалып жатыр екен. Сонда халықаралық фестивальге қатыстық: онда Чехословакия, Венгрия, Румыния, Болгария елдерінің студенттері болды, оның ішінде «Дос-Мұқасан» да бар. Сол фестивальде біз бірінші орынды жеңіп алдық. Біздің алғашқы халықаралық тәжірибеміз Венгриядан басталды деп айтуға болады. 

Екі жылдың ішінде «Дос-Мұқасан» бірнеше халыққа тараған әндер, композициялар жазды. Оны «Қазақ радиосы», басқа телевизия халыққа жеткізе бастаған кез еді. Бірақ бұл уақытта әлі ансамбльдің аты шарықтап шықпаған. Ең бірінші халықаралық табысымыз Венгриядан басталды деп айтуға толық болады. Ол кезде концерт, фестивальдерге қатысқандарға көп қаражат бермейді. Қалталық қаражат беруі мүмкін, сыйлықтар берілді, онша қымбат емес болса да, бізге қымбат сезілді. 

Ол кезде тәжірибе жинау үшін әр түрлі бағыттағы шығармаларды ойнадық. Венгрияға барар алдында бір жыл бұрын ансамбль жігіттеріне ұсыныс жасадым: «Біз қазақ елінде құрылған қазақ ансамбіліміз, біз басқа елдердің әндерін өздерінен артық орындай алмаймыз, қазақ әндерін насихаттауымыз керек» дедім. Себебі жастайымнан қазақ аулында өсіп, мектепті қазақ тілінде үздік бітірдім, қазақ әндеріне, күйлеріне деген махаббатым жас кезден басталған. Содан «Дос-Мұқасан» жігіттеріне айтып, осы бағытта жұмыс істей бастадық. Венгрия сапарында қазақ әндерін орындап, сол заманда белгілі Совет әндерін, орыс композиторларын репертуарға қосуға мәжбүр болдық, уақыттың талабы сондай еді. Бірақ репертуардың басым көпшілігі қазақ әндері болғанын айту керек, кейін осы бағытымыздың дұрыс екеніне көзіміз жетті. 

 

15 республиканың әншілері қатысқан байқауға бізді шақырды

АҚШ-қа сапардан бұрын 1973 жылды еске алғым келеді. Осы жыл біздің ансамбль үшін табысты жыл болды. Себебі Белоруссияның Минск қаласында Советтер одағының үлкен байқауы болды. Онда Совет үкіметінің ең үздік ансамбльдері жиналды. «Песняры», «Самоцветы», «Поющие гитары» бүкіл 15 республиканың әншілері қатысқан байқауға бізді шақырды. Ол кезде политехте оқу бітіріп, әр қайсысымыз инженер, мұғалім болып жұмыс істеп жатқан кезіміз еді. Қазақстан комсомол комитеті бізді қолдады, киім, музыкалық аспаптарды алып берді. Кәсіби сахнаға шықпай тұрған, әуесқой ансамбль ретінде жүрен кезіміз еді. Комсомол комитетімен келісе отырып, министрлік бізге «Дос-Мұқасан» кәсіби ансамблі деген жолдама берді. Бұл жолдамасыз концертке қатыса алмайтын едік. 

Әр жерден келген үздік әншілердің қатарында өлең айту қалай болады екен деп ойладық, бізге бұл үлкен сын болды. Қобалжу болды, ондай ансамльдердің арасынан жеңіп шығу, лауреат болу, қалаберді дипломат болу арман еді.  Орыстардың белгілі композитор В.С. Левашовтың «Ресей бұлбұлдары» деген әнін дайындадық. Сол заманның шарты бойынша, он ән орындайтын болсаң, соның екеуі орысша болуы керек.

Үшінші турға дейін шықтық, Қазақ политех институтының басшыларына үшінші турға өткеніміз жөнінде телеграмма жіберіп жатты. Осы байқауда лауреат болып қайттық. Бірінші орынды «Песняры» алды, «Дос-Мұқасан» екінші орынға ілінді. Осыдан бастап ансамбльдің атағы одаққа тарай бастады. Оны орталық телевизия түсіріп, содан бастап топтың өрлеуі басталды. Қатты қуандық, қалың жұрт құттықтап, хат жазды.

 

Біз Берлинге келгенде «Deep Purple» рок-группасы да сонда болыпты 

1973 жылы Берлинде дүниежүзі жастары фестивалі өтетін болған. Одақтан бірнеше ансамбль баруы тиіс болған. Мәскеуден «Дос-мұқасан» осы байқауға, фестивальге қатысады деген хабарлама келді. Бұл кезде қазылар құрамында атақты композитор Александра Пахмутова, Иосиф Кобзон, Игорь Лученок сынды халық әртістері болды.

20 шақты музыка бойынша атақты, еңбек сіңірген композиторлар мен дерижерлер қатысты. Сол конкурса «Дос-Мұқасан» екінші орын алуы деген үлкен дәреже болды. 

Мәскеуден фестивальге шақыру келгенде біз бөркімізді аспанға лақтырып қуандық десек, артық болмас.  «Песняры», «Дос-Мұқасан», «Самоцветы» ансамбльдерімен, би билейтіндері бар бәріміз бір пойыз болып бардық. Берлинде 140 елден делегация келді. Тіпті кейіннен білдік сол фестивальге ағылшынның атақты «Deep Purple» рок-группасы келді деп, бірақ біз оларды көрген жоқпыз.

Берлинде екі апта болдық, бізге жеңімпаз ретінде алтын медаль тақты, «Песняры» ансамбліне де алтын медаль берді, бұл бізді халықарылық тұрғыда мойындау болды.

Жалпы менің ойым ғалым болу еді, алайда бес жасымнан домбыра ұстап, жарапазан айтып, музыкаға жақын болдым. Эдуард Константинович Иванов деген ғылыми жетекшімнің көмегімен кандидаттық диссертация дайындап жатқанмын. 1973 жылы Досым Сүлеев, Хамит Санбаевтар Мәскеуге оқуға кетті. Ансамбльді ары қарай жалғастыра аламыз ба деген сұрақ туындады. Менімен қосқанда топта гитарист Асқар Жанкушуков, Бағдат Айдарханов, Бақытжан Жұмаділов бар еді. Мәдениет министрлігінен ұсыныс түсті, неге келіп концерт бермейсіздер деген сынды түрлі хаттар келіп. Бір жағынан бізді бұл ұсыныс абыржытты, себебі ғылым жағы қалай болады, білім алған институтымызға қарызымызды қайтаруды ойладық. 

 

«Дос-Мұқасан»-ды тарихта қалдыру керек болды

Ол кезде мен үйленгем, екі балам бар. Жұбайыммен, марқұм анаммен ақылдастым, ешкім мені қолдамады. «Әртіс болуды неғыласың?!» деді. Екі ойлы болып бір жыл басым қатты. Қасымдағы жігіттердің бірі бос, екіншінің мамандығы осы әншілік болды. Министрліктен де шақырып, бізді әбден «дайындады». «Таланттарыңды көрсетесіңдер, халыққа қызмет істейсіңдер» деген сөздер айтылды. Сол кезде менің кандидаттық жұмысым дайындалып жатқан кез. Оны тастау керек болар еді. 

1974 жылдың аяғында біз Қазақ концертке көшіп кеттік. Шығармашылық потенциалымызды білгеннен кейін қазақ елінде ән-аспапты ансамбль болдық, «Дос-Мұқасан»-ды тарихта қалдыру керек болды. Бір жағынан патриотизм мені жайлады. Ғалым болса, көп болса 1000 адам білер, бірақ ғылымның айналасында ғана білер еді. Ал жалпы халық білмейді ғой дегенді ойлап, өзім музыкамен айналысам деп шештім.

 

«Америкаға барасыңдар» деді, сенген жоқпын

1975 жылдан бастап гастрольдік сапарға шыға бастадық. Бірінші Қазақстанның қалаларына, одан кейін шетелге кеттік. АҚШ-қа сапарға келетін болсақ, 1976 жылы Мәдениет министрлігі шақырып алып, Америкаға барасыңдар деді. Мен сенген жоқпын. Жасырын түрде айтылды. Бұл кезде Америка мен КСРО арасында қырғи-қабақ қатынас. Жасырын түрде құжаттарды көрсетті. 

«Дайындала беріңдер, 3-4 айдан кейін жол жүресіңдер» деді. Ансамбльдің жетекшісі Досым Сүлеев өзінің орнына мені сайлады. Досым екеуміз  «Дос-Мұқасанды» бірге жасадық. Бір қанатым қайырылғандай болды. Алайда тәжірибе бар еді, «Жыр жазамын жүрегіммен Қарлығаш», «Сағындым сені», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Құдаша» сияқты әндердің аранжировкасын өзім жасадым. Сол уақытта кәсіби білім болмаса да, нотаға түсіретіндей жағдайға жетіп, онымен қоса диссертация жаза жүріп, еңбекқорлық таныттым. Мұны мақтанып айтуға болады деп ойлаймын. 

Мәдениет министрінің орынбасары «Сендер бағдарламаларыңды өзгертесіңдер, тек қана қазақ әндерін ғана емес, орыстың клкссикалық әндерін, ағылшынша бір-екі ән қосу керек» деді, себебі біз интернационалдық топ ретіне одақтың атынан бара жаттық. Бұл бізге сын болды. Дайындалдық, желтоқсан уақытында шығу керек болды, қазан айында Мәскеуден адамдар келіп бізді тыңдады. Жігіттерге түсіндіріп айттым: Қазақ әндерін айта береміз, бірақ қазір Америкаға жол салу үшін осылай жасаймыз деп, орыстардың классикалық әндері «Калинка», «Катюша», «Подмосковные вечера» әндерін дайындадық, «Ресей бұлбұлдары» деген әнді қосып, ағылшын тілінде де бір-екі ән қосу керек болды. Оны іздемеген жеріміз жоқ. Кітапхананы қарап, радиодан тауып алдым. Ағылшын тіліндегі америкалық халық ән екен, соны жаттап алдық, репертуарға қостық. Бақытжан Жұмаділов, Бағдат Айдархановтардың ағылшын тілдері жақсы болды. Бәріміз қосылып бір ағылшын әнін күндіз-түні дайындадық. Содан кейін Мәскеуден бес адамнан тұратын комиссия келді. 

 

24 тәулік жерді көрген жоқпыз 

Америка алдыңғы шепте тұрған елдердің бірі болғандықтан, қазақ тарихында оған барған бірде-бір қазақ болған емес. Сонда біз Американы ашқан Колумбпыз деп күлетінбіз. Комиссия мүшелері ішінара жабық түрде талқылап, аяғында «Бағдарламаларың қабылданды, баратын болдыңдар» деді. Желтоқсан аяғында Алматыдан шығып Мәскеуге жол тарттық. Өзіміз жеті адам едік. Мәскеуге барып тағы бір-екі әнімізді айтқызды. Мәскеудің өзіне де біздің совет ансамблі болып бара жатқанымыз сын еді. Егер сонда барып онша жақсы өнер көрсете алмасақ, нашар болсақ, бізді бір айдан соң қайтарып жібереді екен. Көңіліміздегі қорқыныш тарамады.

Мәскеуден керекті құжаттарды алған соң Одессаға ұшып бардық. Ол жерде құжаттардың бәрін қалдырып, шетелдік құжаттарды алып теплоходқа отырдық. Сол теплоходта Жаңа Орлеанға бардық.

24 тәулік жерді көрген жоқпыз. Қара теңіз, Жерорта теңізін кесіп өттік. Көргеніміз балық, кит, кашалот болды. Сол кезде баяғыда географияда жердің 2/3 бөлігі су алып жатқанының растығына көзім жетті. Атлант мұхитында дауыл болды, кеме шайқалды, ал біз теңіз ауруына шалдықтық. Құр сүлдеріміз ғана қалды, өте ауыр болды. Кеменің өзі ұзындығы 156 метр, биікті 25 метр, тура бір «Титаниктей» болды, бірақ одан жақсы жабдықталған: кинотеатр, спорт зал,  бар, ресторан бәрі бар.

24 тәулік суда жүру кезінде капитанмен, экипажбен таныстық. Одессада жүргенде Алматыдан маған Қазақконцерттің директоры Асылғазы Бекбаев хабарласты, «Жолдарыңыз болсын, сәт сапар!» деп айтады екен десем, ол маған былай деді:

— Сендердегі барабанщик бар ғой?

— Иә бар.

— Әрсен Баянов па?

— Иә

— Сол, бармайды», — деді. «Неге бармайды, біз не істейміз?» деген сұрақтарыма «Бұл талқылауға жатпайды» деген еді. 

 

Америкаға барарда үрім-бұтағымызға дейін тексерген екен

Америкаға барар сапардың алдында біздің үрім-бұтағымызға дейін тексерген екен. Әке-шешесінде, туыстарында сотталған адамдар болса жібермейтін болып шықты. Америкада қалып қалуымыз мүмкін, біздің мемлекеттің басшылары содан қорқады екен ғой. 

КГБ (мемлекет қауіпсіздігін қорғау комитеті — авт.) адамдары бас-қасымызда жүрді. Жүріп-тұрғанымызды қадағалып, екі жақтың тыншыларының назарында болып, оттың ішінде жүргендей болдық. 

Жаңа Орлеандағы тұрғындардың тұрмысын, көшелерді, дүкендерді көріп, таңғалдық. Бәлкім, оларда осыған қызығып, қашып кете ме деген ой болған шығар. Осылайша, Әрсен бармай қалды, әбден жыларман болды, ренжігенін көрсеңіз. Бірақ кейін мен оны Түркия, Чехословакияға жіберттім. Ол өзі мықты барабаншы еді, Асылғазы Бекбаевға түсіндіріп айттым: «Біз ұзақ дайындалдық, Әрсенсіз бара алмаймыз, барабансыз концерт бере алмаймыз ғой» деп едім, дегеніме көнбеді.

«Мұрат өзің шеш, бірдеңе ғып концерттеріңді бересіңдер» деген кезде, бармай қалсақ не болады деген ой келді, «Онда сендердің биографияларың осымен бітеді» деген жауап алдық. 

24 тәулік кемеде болғанының арқасында сол жерден барабанда ойнаушы тауып алдық, ол Саня есімді жігіт болды. Әрсен сияқты мықты ойнамаса да, тәп-тәуір ойнайтын, Одессаның жақсы жігіті болып шықты. Соны бізде ойнату үшін бар күшімді салдым, кеменің капитанына дейін бардым. Қуанышқа орай, олар түсіністікпен қарады, капитан мәселені шешіп берді. Американдықтарға концерт бергелі бара жатқанымызды, оларға концерт ұнау үшін барабанда ойнау керек екенін түсіндірдім. Кеменің ішінде 300 адамдық концерттік зал бар, сонда күні-түні дайындалдық, аппаратурасы біз көрмеген, керемет. Соның нәтижесінде біздің репартуарымыз әлдеқайда түрленіп шыға келді. 

Бізге хабар келді капитан Евгений Константинович Болошев келеді деген. Осы кісі біздің репертуарымызды көрмекші болды. 300 адамға кемеде концерт бердік, Болошев өте риза болды, рахмет айтты. Осыдан бастап Болошевтен бастан барлық экипаждың адамдары бізді «Дос-мұқасан» тобы деп алақанда ұстады.

 

«Америкалықтарды орындарынан тұрғыздық»

Жаңа Орлеандағы концерт қалай өтеді деген қорқыныш болды, баспасөз хатшылығына, дипломаттара ұнасақ қаламыз, ұнамасақ абыройымыз айрандай төгілетін еді. 

Сол кезде есімде қалғаны, сахна ашылғанда, бір орыс, бір қазақ жоқ, өңгей америкалықтар отыр. Аудармашылар арқылы бағдарламаны түсіндіріп отырдық. Сол кезде 29 жастамын, ондай жаста ансамбль басқарып, Америкаға бару деген үлкен жауапкершілікті талап етеді. Концерттердің 3/1 өткен кез, аудитория қол соғып жатыр, олар өте сезімтал көрермендер, музыканың неше түрін, бағытын біледі. Ең қызығы, концерттің ортасында халық әні «Наз Қоңырды» айттық, оны  халықаралық оранжеровкамен, екі үші дауыста жасап апарғам.

Америкалықтар сізге өтірік, маған шын орындарынан тұрып кетіп, «Браво», «Бисс» деп айқайлағанда жүрегім орнынан шығып кете жаздады. Көз алдыңыға елестетіңізші, Саняны санамағанда алты жігіт, әдемі киінген шаштары таралған әнді бес-алты дауыста айтқанда америкалықтарды орындарынан тұрғыздық қой. Содан бастап журналистер интервью алып, концерттеріміз тамаша өте бастады. Сонда менен  америкалықтар «Наз Қоңыр» әнінің авторы кім деп сұрады. Оларға оның халық әні екенін айтсам, қазақ деген халық кім деп қызығушылықтарын білдірді. Сонда олар бізді орыстар екен деп жүр екен. Сонда тілмаштар арқылы талай интервью бердім: Қазақстанды Совет одағындағы 15 мемлекеттің бірі, ол жерде әр елдің өзінің тарихы, мәдениеті бар деп түсіндіремін.

Қазақтарға осы жайлы айтып неге тәрбие бермеске, бұл «Дос-Мұқасан» немесе мені мадақтау емес, біздің жетістіктерімізді айтып отыру керек. Қазақ әндері ағылшын, француз әндерінен ешқандай кем емес.  Алты айда 180 концерт бердік, бәрі жақсы өтті.

Сонда бізден «жапон», «кореялықсыңдар ма» деп сұрап жатты, тіпті моңғолдарды білетін боп шықты. Қазақстан деген қандай мемлекет десе, біз оларға территориямызға бес Франция сыйып кетеді деп түсіндірсек, аң-таң болады. Мәселен, бізді мектеп кезінде географиядан барлық мемлекеттерді түгел біліп, оқып таныдық. Ал олар барлық елдің орналасуын біле бермейді, тіпті Совет одағын тек орыстар деп ойлаған. Әлемде қазақ мемлекеті, қазақ халқы бар екенін Америкаға таныстырған «Дос-мұқасан» ансамблі болды.

Америка сапарынан кейін елге абыроймен оралдық, бізді тіпті америкалықтар тағы қайта үш айға қалдырмақ болды. Мен келіспедім. Алты айда біз америкалықтардан шаршадық, жолдан да шаршадық. Отбасымызға да қайта оралу керек болды. Тек АҚШ-қа ғана емес, Мексика, Колумбия, Венесуэлла, Ямайкада, Кариб бассейні мемлекеттеріне де концерт бердік. Барлық жерде керемет қабылдады. 

 

Ауғанстандағы соғыс ошағындағы концерттер: залдағы солдаттар бізге қарқылдап күлді

1973 жылы мен консерваторияны бітіргеннен кейін, Мәдениет министрлігінен ұсыныс түсті. Ауғанстанға барасыңдар деді. Ол кезде соғыс болып жатқан кез. Оның мақсаты — соғыс ошағында жүрген қазақ жауынгерлеріне рух беру, көңіл көтеру, қолдау. 

Бұл мемлекеттің бұйрығы болды, бірақ бармай қалуымызға да болатын еді, онда ол біздің кәсіби болашағымызға зияны тиер еді. Марқұм шешем: Сені соғысқа жіберіп жатыр, аман оралмай қалуың мүмкін деген, мен оған күліп жауап бергенмін: Талай жаққа барып келіп жатырмыз ғой деп, жұбатқан болдым. Сонымен не керек, ұшып кеттік. Ташкенттен әскери 076 деген үлкен жүк арналған ұшаққа отырдық. Қорқыныш сол кезде бастады. Осы уақытқа дейін ыңғайлы ұшақтармен, жұмсақ орында отырып баруға үйреніп қалғанымыз бар, әдемі стюардессалар жүреді, шәй ішесің дегендей..

Әлгі ұшақта он шақты қару жарақ асынған әскерилер отыр, креслоның орнына орындықтар және табыттар тұр екен. Сөйтсек, барарда біреуін апарым, қайтарда өлген адамды табытқа салып алып келеді екен. Бақытжан Жұмаділов марқұм көзі бақырайып, «Мұрат мынаны қара, табыт түр ғой» дейді. Бір жарым сағатта жеттік, келсек бізді әскерилер күтіп түр екен. Қару-жарақ асынған әскерилер, танктер қарсы алып алды. Бізді казармаға орналастырды, ПАЗ автобусының ішінде 3-4 әскери автоматымен, алдында көлік жүргізуші автоматымен отырды. Бәрі қаруланған, сонда бұл сезіндік соғысқа келгенімізді.

Ауғанстан жайлы бөлек очерк жазуға болады. Мұндай біз өзіміздің азаматтық борышымызы орындап қайттық. Соғыс ошақтарына бардық, сонда Кабулдағы әскери штаттан аман болуымызды қадағалам отырды. Соғыс ошақтарында қимылдар саябырсығанда бізді жіберіп отырған. Қорқып тұрып қалсақ, залдағы солдаттар әбден соғысқа үйреніп қалған ғой, қарқылдап бізге күледі.

Әскери атқыштар аспанға ұшып, бір шақырымдай жерде бізді атып түсірмес үшін бізді қарап қорғап отырады. Былайша айтқанда, өте қауіпті жағдай болды. Екі апта уақыт ішінде, соғыс тоқтап тұрған уақытта да, казармада біреудерді бауыздап, сойып кететін деген әңгімелерді де естідік. Гарнизонның ішінде түнедік, бір рота солдат күндіз-түні бізді күзетті, себебі бізді атақты әртістер деп қорғайды екен. Концерт кезінде де сахнаны қадағалып, жауынгерлерге қаруларын алдыртып тастады.

Ол жерде атмосфера ауыр, жауынгерлер жынды болудың азақ алдында тұрғандар. Мұндай аудиторияға концерт беру қиын болды, алайда екі-үш күннен соң денеміз үйренді. Солдаттардың бізді қабылдағаны әлі көз алдымда.. Ертең соғысқа барып, өліп қаламын деген жастар «Дос-мұқасан» келді деп, аппаратурамызды көтерісіп, жанымызда жүріп, автогроф алып Қазақстанды, Алматыны жандары қалмай сұрап жатты.18-20-дағы қазақтың жігіттері болды орден, медальдары бар. Сол кезде бір жас жігіт «Аға, қандай бақыт, біз «Дос-Мұқасанды» Алматыда көре алмай жүргенбіз, ал енді сіздер бізге келіп тұрсыздар» деген болаты, сол бала қайтып аман оралмады ау деймін..

Концерт кезінде, өлең айтып жатып, соғыс басталып кеткен жағдайлар да болды. Өлең айтып тұрып, тарс-тұрс еткен дыбыстар естіледі, сезіледі, сырты қоршалған горнизонның ішінде болса та, бір снаряд ұшып келсе, болды ғой..  Осындай кезде қорқып тұрып қалсақ, залдағы солдаттар әбден соғысқа үйреніп қалған ғой, қарқылдап бізге күледі. 

Концерттен кейін казармада жатсақ, гүрс еткен жарылыстың даусы естілді. Сөйтсек, жанымыздағы казармада жатқан солдаттар барлауға барып келген екен, қаптың ішінде гранат бар, қару-жарағы бар. Соны алып келіп, қапты төге салға кезде, бір гарана жарылып кетіп, палаткадағы бір топ солдат барқұм боп кетті. Ол уақытта біз казармада жатып, осыны естідік.

Кабулда жүргенде ұшуға болмайды деп екі күн жаттық. Салқын ауа райында қаланы аралап жүргенде төбемізден бірдеңелердің даусы шығады, зу-зу етіп ұшып өтеді. Қоңыз екен деп, Кошкин есімді полковинктен осы дыбыстың мәнісін сұрадық, сөйтсек олай былай дегені әлі есімде: «Қорықпаңдар, бұл жәй ғана — оқ, бір шақырым жерде снайпер отыр, әскери емес адамдарды атады деді. Бұл қорқынышты емес, егер оқтың дыбысын естісеңдер, қасыңнан өтіп кеткені, яғни сен тірісіңдер, ал естімесең — саған тиді деген сөз» деген еді. Біз сасып қалдық. Сөйтіп далаға шықпайтын болдық. Ташкентке қайтып келгенде, ел қыдырып жүр, күн жылы, жастар жұп боп жүр. Осының бәрін көріп қандай қуандық, десеңізші. Екі аптада бейбіт өмірді ұмытып қалғанбыз ғой. Осы кезде қасымдағы жігіттер жатып алып, еңкілдеп Жерді сүйгендері болды.

 

Музыка — идеологиялық құрал

Өз басым жастайымнан жыраулар, ақындардың шығармашылық жолын, өнерін біліп өстім, солай болуы керек те, себебі сонда ғана адам даңдайсымайды. Музыка деген идеологиялық құрал. Қазақтың классикалық әндер, керемет күйлері бар, осы құндылықтарды насихаттау керек. Басқа ұлттың, батыстың музкасына, мәдениетіне, тіліне жалтақтап, еліктесек болмысымызды жоғалтамыз, осыны біздің қазақтар неге түсінбейді?! Қазақтың нағыз патриоты менмін дер едім.

Композитордың саралануымен қазақтың ең жақсы деген ән-күйлерін, қазақтың классикалық әндерін телевизия, радио, ақпарат құралдары беріп отыру керек, халыққа сіңіру керек. Қазіргі уақытта әркімнің нақты музыкалық жоғары композиторлық білімі, тәжірибесі жоқ адамдардың өздерін композитор деп таңып алуы қынжылтады, бұған қарап қарным ашады.

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

stan.kz