Америкалық ғарышкер қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен ғарыштан құттықтады

Америкалық ғарышкер Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қазақстандықтарды ғарыштан құттықтады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Видео Қазақстандағы АҚШ елшілігінің Facebook-тегі парақшасында жарияланды.
«Қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтаймын! АҚШ Қазақстан Тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. Содан бері екі ел арасында барлық бағыт бойынша, әсіресе, ғарышты зерттеуде ынтымақтастық артып келеді», — деді Томас Ванде Хэй.
Сондай-ақ, ол Байқоңыр ғарыш айлағынан алған әсерін айтты.
«Байқоңырдан екі мәрте ұшу бақытына ие болдым. NASA онда маңызды зерттеулер жүргізді», — деді АҚШ азаматы.
Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы жазба жарияланғаны хабарланған болатын.