Америкалық басылым қазақ киносын жоғары бағалады (Видео)

0

Нью Йорктің танымал Variety басылымында режиссер Айжан Қасымбектің «От» фильміне арналған рецензия жарияланды. Рецензияны танымал киносыншы, жазушы Джессика Кианг жазды.

«Қазақ комедиясы оның бақытсыз кейіпкері сияқты қызық.
Жасөспірімнің жүктілігі, әкенің отбасынан алшақтауы, қарыз, инфаркт, жұдырықтасу мен полицейлердің жол апатына түсуі көрерменді таң қалдырмай қоймайды. Айжан Қасымбектің фильмінде болған жағдай өмірде болатыны анық. Қасымбектің жеңіл, ирониялық, социалистік реализм стиліндегі қатал сұр әңгімеден басталған оқиғасы шын мәнінде таңқаларлық нәзік және күлкілі драма» — дейді американдық сыншы.

Жақында ғана Пусан қаласында өткен кинофестивальде тұсауы кесілген «От» фильмі дәл қазір Германияның Котбус қаласында өтіп жатқан шығыс-еуропалық, халықаралық кинофестивалінде бақ сынауда. Бұл туралы фильм режиссері өз Instagram желісінде хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, фильм Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Алматы қаласында түсірілді. Продюсері Диана Әшімова, сценарий авторлары Шыңғыс Ескендіров, Малик Қасабеков.