Америкадағы ән кеші: Қайрат Нұртастың билеттері Димаштікінен екі есе қымбат бағада сатылған

0

Танымал әнші Қайрат Нұртас Американың бірнеше қаласында жеке ән кешін өткізбек. Анасы Гүлзира Айдарбекова билеттердің таусылуға шақ қалғанын айтты, деп хабарлайды kznews.kz сайты.

Гүлзира Айдарбекованың айтуынша, виза алу қиынға соққандықтан, ән кешін алдын ала жоспарлай алмаған. Соған қарамастан, бірнеше күнде билеттер сатылып кетіпті.

«Бұл Қайратымыздың жеке ән кештері ойламаған жерден, 4-5 күндік дайындық, хабарландырумен ғана өтіп жатқан жай бір сырласу кештері. Біріншіден, визамыз дайын болмай, ұшу-ұшпауымыз екіталай болды, ұшар күні елшілік жабылуға 1 минут қалғанда сіздерге өтірік, маған шын, паспортты әйтеуір алып үлгердік. 15-не ұшсақ, бұл концерт 18-не өтті, 3 күн өте аз.

Естеріңізде ме? Қайраттың алғашқы концерттерін Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай елдерінің түпкір-түпкірі, ауыл-ауылдан осылай бастаған болатынмын, өз күшімізге ғана сеніп.

Бірақ соның жемісі үлкен, мыңдаған алаңдармен ұласып, Алматы және Астана аренасында 35 мың адамды лық толтырып, 3Д форматтағы KN жеке ән кешін алғаш болып өткізген едік. Алла бұйыртса АҚШ елінде де кішігірім концерттеріміз үлкен кештерге айналса деген аналық үмітімді Алла қабыл етсін!

16-на еліміздің туын Филадельфия қаласында көтеруге шақырту алған соң, ары қарай уақытымызды бос өткізбей, АҚШ елінде де бір дүйім жұрт бар, олар Қайраттың кешін сұрап жатыр, деген соң кішкентай қадаммен бастауды жөн көрдім. Бір жағы туған елге деген ыстық сағыныштарын сезіндік және қатты қуандыра алдық», –  деп жазды Қайраттың анасы.

Ән кешіне келушілер Димаштың концертіне билет бағасы Қайраттыкінен екі есе арзан деп шағымданған. Құдайбергеновтің жанды дауыстағы әнін тыңдау үшін тыңдармандар 70 доллар төлесе, Қайратқа келгенде баға 150 долларға көтерілген. Ал Айдарбекова бұған былай деп жауап берді.

«АҚШ еліндегі чаттардағы Димаштың билеті 70%, неге Қайраттың билеті 150% деп шулап жатқандар түсінсін, біз стадионға қойып жатқанымыз жоқ. Ол күн де туар Алла бұйыртса», — деді ол.