Аманжол Әлтай қорғаныс министрін мемлекеттік тілге салғырттық танытпауға шақырды

0
Руслан Фатихұлы!
Сіз, қатардағы азаматтың бірі емес, арқасына ел аманатын арқалаған Қорғаныс Министрісіз. Сондықтан да мемлекеттік тілге салғырттық танытпай, құрметпен қарауға тиіссіз. Мемлекеттік тілде сөйлеу арқылы артыңыздағы сан мыңдаған сарбаздарға өнеге көрсетуге міндетті екеніңізді естен шығармаңыз. Әскеріміздің және оның кеңсесінің тілі толық қазақша болатын уақыт жетті.
Өзіңіз айтқандай, қырық қазақ отырып ортадағы жалғыз өзге ұлт өкілі үшін орыс тілінде сөйлеу Кеңестік жүйеден қалып қойған отарлық сананың көрінісі. Сондықтан да тәуелсіз елдің қолбасшы генералы ретінде бұл мәселеге жаңаша қараңыз.
Мен сіздің әскери маман ретінде кәсіби тәжірибеңізге, атқарып келе жатқан еңбегіңізге құрметпен қараймын. Отанымыздың әскерін басқару үшін мемлекеттік тілді еркін меңгеру аса маңызды. Сіз секілді мемлекетік тілде сөйлеуге басында қиналса да кейін талабы мен жігерінің арқасында ана тілінде еркін, көркем сөйлеуге қол жеткізген генерал Тоқтар Әубәкіров ағамыз сізге жақсы үлгі бола алады.
Репетитор жалдаңыз, қазақша кітап оқыңыз, отбасында қазақша сөйлесіңіз. Көп кешікпей жақсы нәтижеге қол жеткізе аласыз.
Отан қорғау жолындағы аса маңызды жұмысыңызға сәттілік тілеймін!
Аманжол ӘЛТАЙ